Комплаенс-мәдениетті басшылық өзі бастауы керек

11 Қараша 2020, 13:00
1641
Бөлісу:
Комплаенс-мәдениетті басшылық өзі бастауы керек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Facebook-тегі ресми парақшасында өткен онлайн-сұхбат кезінде «Самұрық-Энерго» АҚ «Комплаенс» қызметінің басшысы Дәурен Ақшалов комплаенс жоғары деңгейден басталатынын айтты. 
 

Яғни, басшылық қол астындағы қызметкерлеріне қалай жұмыс істеу керек, келіспеушілік бола қалған жағдайда өзін қалай ұстау керек, нарықта, бизнесте қандай қадам жасап, қалай әрекет ету керегі жөнінен өзі бастап үлгі көрсетуі қажет екенін айтты. 

Егер жетекші кейде заң бұзып, ісі мен сөзі сәйкес келмей, «екіжақты стандартпен» жүрсе, онда қандай комплаенс мәдениет туралы сөз қозғауға болады? Мұндайда қызметкерлерде «жоғары басшылық осындай әрекет жасап жүрсе, мен неге сырт қаламын» деген ой туындауы мүмкін. Сондықтан, жетекшінің қолдауынсыз комплаенсті құру қиын. Комплаенс әрбір адамның жеке мәдениетіне тікелей  қатысты. Яғни, әр адамның техникалық қауіпсіздік, ішкі нормативтік құжаттар, комплаенс-саясат, түрлі сыйлықтар деген сияқты кез келген ішкі, сыртқы ережені саналы түрде ұстануы, - деді ол. 

Дәурен Ақшалов Дания, Норвегия сияқты елдерде жемқорлықтың аз болуы осы комплаенс нормаларына байланысты екенін айтты.

Бұл елдерде мәдениет түсінігінің жоғарылығы сонша, оларда шегіп келе жатқан темекі тұқылын жерге лақтыра салу деген түсінік жоқ. Біздің жұмысымыздың миссиясы да осы. Адамдардың жеке мәдениетке қатысты түсінігін өзгерту, - дейді ол. 

Айта кетейік, сұхбат  «Жемқорлыққа қарсы стандарттарды сақтаудағы комплаенс-қызметтердің рөлі» тақырыбы аясында өтті.

Өзгелердің жаңалығы