Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. тілшісі. Биыл 1 қаңтардан бастап Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, яғни МӘМС жүйесі толығымен іске қосылды.
Денсаулық сақтау министрлігі жарналар мен аударымдардың ставкаларын белгіледі. Соған сәйкес жұмыс берушілер 2%, жұмысшылар – жалақының 1% мөлшерінде медициналық Қорға жарна төлейді. Бұл орайда мыңдаған халыққа жұмыс беріп отырған жекеменшік және мемлекеттік мекемелер өз қызметкерлері үшін жарна төлеуді бастады ма және ол қалай іске асырылып жатыр?
Осы және өзге де сауалдарға еліміздегі ең ірі мұнай компаниясы – "Ембімұнайгаз" акционерлік қоғамы, ішкі нарықты отандық сапалы сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған "Нәтиже" сүт фабрикасы және елордалық білім ордасы – №62 мектеп-лицейінің басшылығы жауап берді.
"Ембімұнайгаз" акционерлік қоғамы жұмыс беруші ретінде 2 пайыздық мөлшерде медициналық сақтандыру Қорына жарна төлеуді бастады. Ағымдағы жылдың қаңтар айындағы МӘМС-ке бөлінген жарна 25 ақпанға дейін төленеді. Компания бойынша Қорға жарна төлеу Қазақстан Республикасының "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы" (2020. 01. 01. берілген өзгертулер мен толықтыруларға сәйкес) заңы аясында жүзеге асады. Ембімұнайгаз" АҚ-ның құрамына Атырау облысы және қаласында орналасқан 4 мұнай-газ өндіру басқармасы мен екі құрылымдық мекеме кіреді. Бүгінгі таңда компанияда 5 мыңға жуық адам қызмет етеді, - дейді "Ембімұнайгаз" АҚ басқарма төрағасы Есен Қайыржан.Оның айтуынша, жетекші компанияда тек қазақстандық азаматтар ғана еңбек етуде. Шетел азаматтары жоқ.
Ал, елордалық №62 мектеп-лицейі директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Алмагүл Жанайдарова аталмыш білім беру мекемесінде 210 адам қызмет ететінін айтты.
Зейнеткерлер мен декреттік демалысқа шыққан азаматшаларды қоспағанда, қызметкерлер үшін медициналық сақтандыру Қорына 1,5% жарна төлейміз. Мектептің барлық ұжымы, яғни педагогтар қауымы және техникалық персонал міндетті әлеуметтік-медициналық жүйенің ережесімен өте жақсы таныс. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіде жарияланған ақпараттан құлағдармыз. Оған қоса, жұмыс отырысында талқыланған, - деп атап өтті мектеп басшысының орынбасары Алмагүл Жанайдарова.
Оның үстіне, мектеп ұжымы МӘМС бойынша жүргізілген арнайы сауалнамаға қатысқан екен.
Бүгінде тек таза табиғи сүт өнімін ұсынып отырған "Нәтиже" фабрикасында 600 адам еңбек етуде. Ешқандай қоспасыз дайындалып, 5-7 күн аралығында қысқа мерзімді сақтауға арналған өнімдерін халық жақсы тұтынады. Қарағанды қаласында орналасқан сүт зауыты да қаңтардан бастап жұмыс беруші кәсіпорын ретінде қарамағындағы жұмыскерлері үшін жарна аударуды бастаған.
Біз биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі бойынша жұмыс беруші кәсіпорын ретінде медициналық Қорға ай сайын 2% мөлшерінде жарна аударуды бастадық. Жалпы, біздің "Нәтиже" компаниясында бүгінгі күні 600 адам жұмыс істейді. Мекеме өз өнімдерін Қарағанды облысына, Нұр-Сұлтан, Екібастұз, Павлодар, Көкшетау және Жезқазған қалаларына тасымалдайды. Осы өңірлерде филиалдарымыз бар. Мемлекеттің денсаулық саласындағы бұл реформасын қолдаймыз. Себебі, медициналық сақтандыру елімізде көрсетілетін медициналық қызмет сапасының артуына және халықтың денсаулығына оң әсерін береді деген сенімдеміз, - деп мәлімдеді "Нәтиже" сүт фабрикасының БАҚ-пен жұмыс жөніндегі маманы Динара Қожахметова.