Коммуналдық төлем: Енді пәтер жалдап тұратындарға да өтемақы беріледі

14 Мамыр 2020, 18:16
15833
Бөлісу:
Коммуналдық төлем: Енді пәтер жалдап тұратындарға да өтемақы беріледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы "Qazaqstan" Ұлттық телеарнасының баспасөз қызметі хабарлады. 

Алайда, бәріне бірдей көмек көрсетілмейді. І, ІІ, ІІІ топтағы мүгедектер, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар, көпбалалы аналар, соғыс ардагерлері мен оларға теңестірілген азаматтар осы санатқа кіреді.

Ресми ақпаратқа сүйенсек, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 9 мамырда – карантин режимі кезеңінде коммуналдық қызметтерді жеткізушілердің шығындарын өтеу ережесіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді (ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2020 жылғы 18 сәуірдегі № 212 бұйрығы).

Алматы Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының басшысы Әсет Масабаев коммуналдық қызмет шығындарын өтеу ережесіндегі өзгерістер туралы айтты.

Оның айтуына қарағанда, 1, 2, 3-топ мүгедектері, ІІ Дүниежүзілік соғысының мүгедектері мен қатысушылары, ІІ Дүниежүзілік соғыс мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген адамдар, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, көпбалалы отбасылар, ең төменгі және одан төмен зейнетақы алатын зейнеткерлер, жалғызбасты зейнеткерлер, мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерді, әскери қызметті орындау кезінде, ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмірін құтқару кезінде, құқық тәртібін қорғау кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдардың отбасылары, атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар коммуналдық қызметтер үшін 15 мың теңге ала алады.

Алматыда +727 341 05 27, +727 377 74 44 байланыс орталығы өтініштерді қабылдайды. Жоғарыдағы санаттарға жататын азаматтар осы нөмірлерге хабарласып, ЖСН мен санатын айтады. Мәртебесі расталса, өзінің не бірге тұратын туысының жеке шотын көрсетуге тиіс. Call-орталықта тізімдегі азаматтардың мәліметі бар. Мәртебесін растаған азаматтарға ғана өтемақы төленеді, - деді Әсет Масабаев.

Басқарма басшысының айтуына қарағанда, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын қала тұрғындары есеп шоты болмаса, олармен бірге тұратын отбасы мүшелерінің шотына ақша аударылады. Ол үшін call орталыққа хабарласып, өзі жайлы ақпарат беріп, шот нөмірін көрсетуі тиіс. Отбасы мүшелеріне ерлі-зайыптылар, ата-аналар және балалар кіреді. Бүгінгі күні Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының байланыс орталығында 148 мың қоңырау тіркелді, оның ішінде 17 505 өтініш мақұлданған. Санаттардың біріне жататын азаматтар мамыр, маусым айында өтініш берсе, осы қаражатты алуға құқылы.

Сондай-ақ, ТЖ режимінен кейін коммуналдық өтемақы алуға болатыны да хабарланды. Комиссия шешімімен коммуналдық шығындар сәуір және мамыр айларына беріледі. Сәуірдің өтемақысы мамырда, мамырдың өтемақысы маусымда түседі.

Сонымен қатар, Алматыда қанша адамның шығыны өтелетіні де белгілі болды. Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы шығындардың өтелуіне құқығы бар адамдардың санын 62 мыңнан 119 мыңға дейін өзгерткен. Бүгінде call-орталыққа 158 мың қоңырау келіп түскен.

Өзгелердің жаңалығы