Коммуналдық қызметкер: Көше тазалығы - бәрімізге сын

30 Қараша 2024, 23:55
226
Бөлісу:
Коммуналдық қызметкер: Көше тазалығы - бәрімізге сын
Фото: "Астана Тазалық" ЖШС баспасөз қызметі

Тазалық – денсаулық кепілі. Үйімізбен бірге тұратын қаламыздың таза болуы да маңызды. «Еңбекпен тапқан нан тәтті». Жиырма жылға жуық уақытын «Астана Тазалық» мекемесінде елорданың көшелерін тазалауға арнап келе жатқан Татьяна Ускинованың өмірлік қағидасы осындай, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақшаға судай, өз еңбегіне адал, жұмысына тиянақты Татьяна аяулы жар, асыл ана, білікті маман. Осы орайда адал еңбек, маңдай терімен өсіп-өнген еңбек адамымен аз-кем тілдесудің сәті түскен болатын.

- Татьяна ханым, өзіңізді таныстырып өтсеңіз...

- Мен Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының тумасымын. 2006 жылдан бері жол жұмысшысымын. «Астана Тазалық» мекемесінде жұмыс істеп келе жатқаныма 19 жыл болыпты. Келгенде жол жұмысшысы болып бастағанмын. Көшелерді сыпырып, қар тазалайтынмын. Одан кейін бригадир, одан соң шебер болдым.

Коммуналдық қызметкер: Көше тазалығы - бәрімізге сын

- Қазақшаңыз өте жақсы екен. Қазақ тілін қайдан үйрендіңіз?

- Туғанымнан қазақ ауылында тұрғанмын ғой. Жаңаарқаның Айнабұлақ атты совхозында дүниеге келгенмін. Бізде орыстар аз тұрды. Олардың бәрі қазақша судай еді. Мектепте орысша оқысам да, қазақ тілі үйреншікті, туған тілімдей болып кетті. Араласатын ортам, айналамның бәрі қазақша сөйлейді.

- Отбасыңызда да қазақ тілінде сөйлесесіздер ме?

- Әрине! Жолдасым – қазақ. Бір ұл, бір қызымыз бар. Қызым тұрмыста. Балаларымды аяқтандырдым. Үйде тек қазақша сөйлесеміз.

Коммуналдық қызметкер: Көше тазалығы - бәрімізге сын

- Жұмысыңызда ол кездегі мен қазіргі уақыттағы жұмыстың айырмашылығы бар ма?

- Иә, бар. Бұрын мүлдем қиын болатын. Қазір кішкене жеңілдеді. Бұрын жаяу жүргіншілер жолы да болмаған. Қазір жолдың бәрі теп-тегіс, тек жұмыс істесең болғаны.

- Жалпы, жұмыс күніңіз нешеде басталады?

- Біздің жұмыс күніміз таңғы 6-да басталады. Бірақ біз ауылдан келеміз. Қалаға келіп үлгеру үшін сағат 3-3,5 жарымда тұрамыз. Сағат 4-те үйден шығып, 5-те жұмыс орнына келеміз. Сағат 6-да жұмысымыз басталады. 10-ға дейін жұмыс істеп, бір тынығып алып, асымызды ішіп, тамақтанып алып, қайта кірісеміз. Екі ауысым бар. Бірінші ауысым – сағат 6-дан 3-ке дейін, ал екінші ауысым – 8-ден 5-ке дейін жұмысымызды аяқтап, үйге қайтамыз. Сосын түнгі ауысым бар.

Коммуналдық қызметкер: Көше тазалығы - бәрімізге сын

- Қар көп жауған жағдайда қанша сағат жұмыс істейсіздер?

- Кейде ұзартылған жұмыс күнімен қар көп жауса, екі сағатқа дейін жұмыс уақытымыз ұзаруы мүмкін.

- Жалпы, жұмыс күндеріңіз күніне неше сағатқа созылады?

- Сегіз сағат.

- Егер қатты боран, аязды күндер болса да, жұмыс істейсіздер ме?

- Ондай күндері, боран, қар болған кезде керісінше, біздің жұмысымыз қыза түседі. Ауа райы қолайсыз уақытта ұзартылған жұмыс күнімен қосымша жұмыс істейміз. Ол 9 сағатқа созылады.

- Қарамағыңызда қанша жұмысшыңыз бар?

- Менің бригадамда 18 адам жұмыс істейді.

Коммуналдық қызметкер: Көше тазалығы - бәрімізге сын

- Қай учаскелерге жауаптысыздар?

- Мәңгілік Ел көшесінен, Министрліктен үйінен бастап, Әлихан Бөкейхан, Орынбор көшесіне дейінгі аралыққа жауаптымыз.

- Жұмысыңыз өзіңіз ұнай ма?

- Жұмысым өзіме ұнайды. Күнде таңертең үйренген уақытымда жұмысқа құлшына тұрып, жиналамын. Бәрі оңай. Әрине, кейде адам болғасын шаршаймыз. Ондай кездері жауапкершілікті бірінші орынға қойып, өзімді жинап, қолға аламын.

- Бригадаңызда орташа қанша жастағы адамдар?

- Менің байқағаным, ауыр жұмысқа жастардың көбі шыдай бермейді. Ерте тұру, жұмыстың ауырлығына үйрене алмайды. Қарамағымда орташа 40 жастан асқандар жұмыс істейді. Отбасымен жұмыс істейтін ерлі-зайыптылар көп. Тіпті кейде осы жерде танысып, бас қосатындар туралы естідік. Бала-шағалы, үбірлі-шүбірлі болып, өсіп-өнуде.

- Денсаулықтарыңыз қалай? Жұмыстың ауырлығынан ауырып қалмайсыздар ма?

- Белсенді еңбек күшімен жұмыс істегендіктен, жұмысқа спорт ретінде қараймыз.

- Жұмысыңызға деген шабытты қайдан аласыз? Қанша дегенмен, 20 жыл уақыттан бері жұмыстың ауырлығына қарамай істеп келесіз...

- Шынымды айтсам, осы жұмысқа әбден үйреніп кеткенім соншалықты, басқа жұмысқа ауысу туралы ойланып көрмеппін. Далада әбден үйренгенбіз ғой. Басқа жұмысқа ауысқанмен үйренісіп кету қиын шығар. Далада жүрген ұнайды. Денсаулыққа да пайдалы. Бұйырса, осы жұмыстан зейнетке кетеміз. Көп уақытымыз үйден гөрі жұмыста өтеді. Жұмыс екінші отбасымыз іспеттес. Үлкен отбасымдай болып кеткен.

- Жұмысыңыздың қиындығы мен қызығы неде?

- Қарап отырсам, біздің жұмысымыз әйел адамдарға әсіресе қиын. Жазда кішкене жеңілдеу болғанымен, қыста оңай емес. Ер адамдармен қатар қолға күрек ұстап, қар тазалаймыз. Сонда да нәпақасын осы жерден тауып, үйреніп алып, жұмыс істеп келе жатқан әйел азаматтар көп. Кептеліс уақытында біраз қиындау. Күн сайын берілген көлемдегі жұмысты уақытылы істеп бітіруге міндеттіміз.

Коммуналдық қызметкер: Көше тазалығы - бәрімізге сын

- Күніне қанша көшені тазалайсыздар?

- Күніне 2-3 көше тазалаймыз. Ал қар қалың жауған уақытта жұмыс жүктемеміз де көбейеді. Бірақ үйге бәрін үлгеріп жасап, аяқтаған соң бір-ақ қайтамыз. Жол бойында жүрген соң оңай емес. Жолдың бойы ғана емес, жаяу жүргіншілер жолы, аялдамаларды тазалап, сыпырамыз. Техникалармен жұмыс істеудің де өзіндік нұсқаулығы бар. Камаз күніне 4-5 рет рейс қар шығарады. Трактор щеткасымен қарды қырады, оны біз тез-тез сыпырып алу қажетпіз. Адам аз болған кезде өзім де қолыма күректі алып, жұмысты кірісіп жасай беремін. Өзім көшені жақсы көремін. Оның тап-таза болып тұрғаны жаныма рахат сыйлайды. Аллаға шүкір, алғыс алудан кенде емеспіз. Кейде адамдар, жастар рахметтерін айтып кетіп жатады. Қоқыс шашып кететін адамдар да жоқ емес.

- Ондай адамдарға қандай тілегіңіз бар?

- Әр адам көшеге өз үйіңе қалай қарайсың, сондай қарым-қатынаста болса деймін. Тазалық – әркімнің өзінен басталады.

Еңбек еткен жақсы. «Ерте тұрған еркектің ырысы артық, еңбек еткен әйелдің бір ісі артық» дегендей, еңбектенейік! Еңбегіміз жана берсін!

- Әңгімеңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы