Көмір тапшылығы. Қымбатшылық. Жылыжай кәсібіндегі проблемалар қандай?

19 Маусым 2023, 11:11
970
Бөлісу:
Көмір тапшылығы. Қымбатшылық. Жылыжай кәсібіндегі проблемалар қандай?
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ - архив

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Мәжілісте өткен Үкімет сағатында жылыжай саласындағы проблемаларды айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айтуынша, елде «Агробизнес» әмбебап кредит беру бағдарламасы аясында жылыжай құрылысына кредит беру іске асырылады.

Бұл ретте мөлшерлеме субсидиялау есебінен 6%-ға дейін төмендейді. 2020 жылдан бастап осы бағдарлама бойынша 16,7 млрд теңгеге жалпы алаңы 51 гектар болатын 14 жылыжай қаржыландырылды. Сонымен қатар бізде фермерлік жылыжайлар алаңының төмендеуі байқалады. Соңғы 3 жыл ішінде 62 гектарға төмендеді, - деп атап өтті ведомство басшысы.

Министр жылыжай аудандарының қысқаруын өндірілетін өнімнің өзіндік құнының жоғары болуы және бизнестің төмен рентабельділігімен байланыстырды. Бұған әлемдік нарықтардағы құбылмалылыққа байланысты тауарлық-материалдық құндылықтардың күрт қымбаттауы, оның ішінде биыл коммуналдық қызметтердің қымбаттауы әсер еткен.

Жабық топырақта көкөніс өндірудің тиімділігін арттыру өндіріс кезінде өзіндік құнын төмендету есебінен ғана мүмкін болатынын ескере отырып, Министрлік жылыжай шаруашылықтарын гектарлық субсидиялауды енгізу бойынша жұмыс жүргізуде. Мәселен, маусымаралық кезеңде электр энергиясы мен газ шығындарын субсидиялауды енгізу жоспарлануда. Алайда, бюджет қаражатын тиімді жұмсау, сондай-ақ барлық агротехнологиялар сақталатын жылыжайларды қолдау мақсатында субсидиялар алу үшін өндіріс технологияларына сәйкестік – сертификатының болуы міндетті талап. Жылыжайшылардың тағы бір проблемасы, әсіресе осы жылы көмірмен қамтамасыз ету мәселесі болды. Маусымдық кезеңде жылыжай шаруашылықтары басқа тұтынушылармен бірге көмір тапшылығын немесе оның қымбаттауын сезінеді, - деді министр.

Бұл проблеманы шешу үшін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Жол картасын әзірлегенін айтты. Оған сәйкес жазғы уақытта көмірді алдын ала дайындау, оның ішінде өңірлердегі сату нүктелерінде және көмір шұңқырларында қорларды жинақтау жұмыстары басталады деп күтілуде.

Жылыжай шаруашылықтарына кредит беруге келетін болсақ, жоғарыда аталған «Агробизнес» әмбебап кредит беру бағдарламасынан басқа, қазіргі уақытта тек ашық топырақтағы көкөністерді қаржыландыруды көздейтін қолданыстағы «Кең дала» бағдарламасына өзгерістер енгізу жоспарда бар. Бюджеттік заңнамаға сәйкес бұл үшін барлық бюджеттік процестерді ескере отырып, кредит беру бағдарламасының қолданыстағы қаржылық-экономикалық негіздемесіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет. Бұл қосымша уақытты қажет етеді, - деді Ербол Қарашөкеев.

Өзгелердің жаңалығы