GTA әуенін қобызбен орындаған қазақстандық әлеуметтік желіде көптің назарын аударды

27 Қараша 2026, 16:20
АВТОР
 Аймұрат Елубаева 27 Қараша 2026, 16:20
27 Қараша 2026, 16:20
77
Фото: Аймұрат Елубаева

Nirvana, BTS, The Weeknd әндері, тіпті GTA ойынының әуені – бәрі де көне қазақ аспабы қобыздың үнімен. 21 жастағы Аймұрат Елубаевтың музыкалық импровизациялары әлеуметтік желіде жүздеген мың қаралым жинап жүр. Оның орындауынан кейін Колумбияда да қазақтың қобызына қызығушылық танытқандар бар. Ал желі қолданушылары оны әзілдеп «Курт Қабенұлы» деп атап кеткен. BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында жас музыкант музыкалық эксперименттері мен ұлттық аспапты әлемдік сахнаға шығаруды көздейтіні туралы айтты.

Аймұрат видеоларында көпшілікке таныс әндерді қобызбен сүйемелдеп, оларға жаңа реңк береді. Ұлттық аспаптың үні заманауи әуендермен үйлесіп, таныс композициялардың өзін өзгеше сипатқа бөлейді.

Instagram парақшасында ол рок пен рэптен бастап K-pop жанрына, фильмдер мен компьютерлік ойындардың музыкасына дейін түрлі бағытта тәжірибе жасап жүр.

Қобызбен алғашқы сыныптан бастап бірге

Аймұрат Қарағанды қаласында дүниеге келген. Қазір 21 жаста, Алматыдағы консерваторияның төртінші курсында оқиды. Қобызды бала кезінен серік еткен ол бұл аспапта ойнауды Қарағандыдағы мамандандырылған мектептің бірінші сыныбында бастаған.

Бүгінде музыка оның өмірінің маңызды бөлігіне айналған. Аймұраттың жеке студиясы бар. Онда ән мен музыка жазып, дыбыспен тәжірибе жасайды, жаңа композициялар әзірлейді.

Ал музыкалық эксперименттерін әлеуметтік желіде бөлісу идеясы видеолары жүздеген мың қаралым жинамай тұрып-ақ пайда болған.

Мектеп кезінен бастап эксперименттік видеоларды көп жариялайтынмын. Оның өзі маған қатты ұнайды, – дейді музыкант.

Импровизация жасауға арналған композицияларды ол көбіне өз талғамына қарай таңдайды. Кейде достары да қызықты әндер ұсынып көмектеседі. Ал аспапты қолға алмас бұрын түпнұсқаны ұзақ тыңдап, әуеннің ерекшелігін сезінуге тырысады.

Мен өзіме ұнайтын әндерді таңдаймын. Достарымнан да композиция ұсынуды сұраймын, олар көмектеседі. Содан кейін таңдаған әнімді ұзақ тыңдап, оның әуенін бойыма сіңіруге тырысамын, – дейді ол.

«Курт Қабенұлы»: қазақ қобызы мен әлемдік роктың үйлесімі

Аймұраттың ең көп қаралым жинаған жұмыстарының бірі – оңтүстіккореялық BTS тобының Black Swan композициясына жасаған импровизациясы. Видео 199 мың қаралым, 32 мыңнан астам лайк жинап, мыңға жуық пікір қалдырылған.

The Weeknd орындауындағы Starboy және аты аңызға айналған Nirvana тобының Smells Like Teen Spirit әндеріне жасаған музыкалық тәжірибелері де тыңдарман назарын аударды. Бұл видеолар тиісінше 128 мың және 126 мың қаралым жинаған.

Nirvana әніне арналған видеоның астында желі қолданушылары топтың солисі Курт Кобейннің есімін қазақшалап, «Курт Қабенұлы» деп әзілдеген. Бұл пікірдің өзі 2,5 мыңнан астам лайк жинады.

«Бауырым, қалай керемет естіледі, тіпті сенгісіз», – деп жазған қолданушылардың бірі.

Көрермен қызығушылығы артқанымен, Аймұрат әзірге өзін танымал музыкант санамайды. Оның айтуынша, видеоларының қаралымы мен оқырмандардың реакциясы өзін де таңғалдырады.

Өзім де қарап, таңғалып отырмын. Бұл тек бастамасы деп ойлаймын. Әзірге мұны үлкен танымалдық деп есептемеймін, – дейді ол.

Музыкант өз жұмыстарының ішінен The Weeknd әндеріне жасаған импровизацияларын ерекше бағалайды. Оның айтуынша, дәл осы жұмыстарда өзіндік үнін таба бастаған.

Барлық жұмысым өзіме қымбат. Бірақ The Weeknd музыкасына жасаған дүнием ерекше ұнады. Меніңше, сол кезде өзіндік бір стиль қалыптаса бастады, – дейді Аймұрат.

GTA ойынының әуені де қобызбен орындалды

Аймұраттың соңғы музыкалық эксперименттерінің бірі – танымал GTA компьютерлік ойындар сериясының әуені. Видео Instagram желісінде бір тәулікке жетпейтін уақытта 35 мыңнан астам қаралым жинаған.

Музыкант әзілмен бұл видеоның TikTok желісінде танымал болып үлгергенін айтып, Instagram-да да осындай қызығушылық тудырады деп үміттенетінін жеткізді.

Оның өзге жұмыстарының қатарында XXXTentacion орындауындағы Changes, 21 Savage-тің A Lot, The Weeknd-тің Pray for Me және Тайвань әншісі Джей Чоудың Blue and White Porcelain композициялары бар.

Аймұрат жеке импровизациялармен ғана шектелмейді. Домбырашы досымен бірге Linkin Park тобының What I've Done әнін және «Кек алушылар» фильмінің музыкалық тақырыбын өзгеше орындаған.

Музыканттың айтуынша, достарының арасында домбырашылар көп. Солардың бірі – Тұрлықан. Олар консерваторияға оқуға түскен кезден бастап бірге өнер көрсетіп келеді. Осы уақыт ішінде бірнеше концертке қатысқан.

Осылайша бір шығармада екі қазақтың ұлттық аспабы мен әлем тыңдармандарына таныс әуен тоғысады.

Колумбиядан қазақтың қобызына қызығушылық танытты

Аймұраттың музыкалық эксперименттерінің ең қызықты нәтижелерінің бірі – шетелдік тыңдармандардың оның орындауына ғана емес, аспаптың өзіне де қызығушылық танытуы.

Музыкантқа шетелден хабарласатындар бар. Олардың кейбірі қобыз туралы көбірек білгісі келеді. Тіпті шетелдік тыңдармандардың бірі аспапты жасаған шебердің байланыс нөмірін сұраған.

Иә, маған шетелден көп адам жазады. Кейбірі аспаптың өзіне қызығады. Мысалы, Колумбиядан бір адам қобызымды жасаған шебердің телефон нөмірін сұрады, – дейді Аймұрат.

Жас музыкант үшін мұндай қызығушылықтың орны бөлек. Өйткені оның мақсаты қаралым, лайк жинап, әлеуметтік желіде танымал болумен шектелмейді.

Мен қобызды әлемдік деңгейге шығарғым келеді. Қобызымның үнін әлемдік жұлдыздардың музыкасынан, фильмдердің саундтректерінен естігім келеді. Бұл Қазақстанға шынымен өзгеріс әкелуі мүмкін деп сенемін, – дейді ол.

Аймұраттың пікірінше, әлемде қазақтың ұлттық аспабын таныған адам көбейген сайын, Қазақстан туралы да көбірек біле бастайды.

Дәстүрді бұзу емес, оның мүмкіндігін ашу

Көне ұлттық аспапты заманауи рок музыкасымен үйлестіру әртүрлі пікір тудыруы мүмкін еді. Аймұрат Nirvana композициясын орындағанда сынға ұшырауы ықтимал екенін де ойлаған.

Алайда тыңдарманның реакциясы ол күткендей болмаған.

Nirvana әнін жазғанда сын көп болады деп ойладым. Бірақ адамдарға ұнады, хейт болған жоқ. Мен осылайша аспаптың мүмкіндігін ашып көрсетіп жүрмін деп есептеймін, – дейді музыкант.

Аймұрат видеоның астына музыкалық экспериментке деген көзқарасын қазақ тілінде арнайы түсіндіріп жазған.

Бұл кавер қылқобызды қорлау немесе оның дәстүрлі болмысын өзгерту мақсатында жасалған жоқ. Керісінше, ұлттық аспаптың мүмкіндігін жаңа қырынан көрсетіп, оны әлемдік музыкамен біріктіргім келді. Бұл – аспапқа деген құрмет әрі шығармашылық эксперимент, – деп жазған ол.

Аймұрат үшін заманауи музыка – тыңдарманды ұлттық аспаппен таныстырудың тағы бір жолы. Егер осыған дейін қобыз үнін естімеген адам сүйікті әні арқылы оған қызығушылық танытса, демек, музыкалық эксперимент өз мақсатына жетті.

Орталық Азиядағы концерттерден Billie Eilish-пен жұмыс істеу арманына дейін

Жас болғанына қарамастан, Аймұрат Қазақстаннан тыс жерде де өнер көрсетіп үлгерген. Ол түрлі музыкалық байқауларға қатысып, жуырда Уфада өткен конкурста екінші орын алған.

Сонымен қатар музыкант «Не просто оркестр» ұжымымен бірге Ташкент, Бішкек және Қазақстанда өнер көрсеткен.

Алайда ол мұнымен тоқтап қалғысы келмейді. Шығармашылық армандарының бірі – әлемге танымал әртістермен бірлескен жоба жасау.

Көптеген әртіспен коллаборация жасағым келеді. Мысалы, Billie Eilish, Ханс Циммер және тағы басқалармен, – дейді Аймұрат.

Billie Eilish музыкасы ерекше атмосфералық үнімен танымал болса, Ханс Циммердің композициялары әлемдік кинематографиядағы ең есте қаларлық көріністерге саундтрек болған. Аймұрат болашақта осындай туындылардан өз аспабының үнін естуді армандайды.

Әзірге оның музыкалық эксперименттері шетелдік тыңдарманға смартфон экраны арқылы жетіп жатыр. Дегенмен қазірдің өзінде алыстағы Колумбиядан бір адам қазақтың қобызына қызығушылық танытып, Nirvana тыңдармандары Курт Кобейннің есімін қазақшалап әзілдеп жүр.

Бәлкім, біреулердің қазақ музыка мәдениетімен алғашқы таныстығы дәстүрлі күйден емес, BTS-тің сүйікті әнінен, Nirvana-ның рок-хитінен немесе GTA ойынының әуенінен басталар.

 

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Aimurat Elubaev🌒 (@aimurat.qobyz)

Наверх