Колумбияның оңтүстік-шығысында екі қарулы топ арасындағы қақтығыс салдарынан кемінде 52 адам қаза болды.
Ақпаратты Reuters таратты.
Қарулы қақтығыс Гуавиаре департаментіндегі Барранко-Колорадо ауылы маңындағы джунглиде болған. Өзара жауласқан екі қылмыстық топ кокаин өндіру мен тасымалдауда маңызды саналатын аймақты бақылау үшін шайқасқан.
Колумбияның қорғаныс министрі Педро Санчес аталған аймақта қақтығыс болғанын растады. Оның айтуынша, бейбіт тұрғындарды қорғау үшін өңірге әскер жіберілген.
Биыл сәуір айында қарсылас топтардың бірі – Колумбияның революциялық қарулы күштері құрамынан шыққан, жетекшісі Иван Мордиско басқаратын топ Колумбияның оңтүстік-батысындағы тасжолда теракт ұйымдастырған еді. Сол кезде жарылыс салдарынан 14 адам қаза тауып, 38 адам жараланған, олардың арасында балалар да болған.