Колледждерге мемлекеттік тапсырысты бөлудің жаңа тетігі енгізілді

15 Маусым 2021, 11:50
3416
Бөлісу:
Колледждерге мемлекеттік тапсырысты бөлудің жаңа тетігі енгізілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Білім беру басқармасы басшысының орынбасары Римма Иманғазинова онлайн брифинг барысында айтты.

Оның айтуынша, 20 маусымға дейін Өңірлік комиссияның шешімімен мемлекеттік тапсырыспен білім беретін колледждердің тізімі бекітіледі. Техникалық және кәсіптік білім алуды қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін министрлік «ақылы студентпен бірге» қағидаты бойынша мемлекеттік тапсырысты орналастырудың жаңа тетігін әзірлеген.

Егер бұрын мемлекеттік тапсырыс бойынша бекітілген орындарға колледждерге қабылдау жүргізілсе, жаңа жүйе бойынша талапкерлер колледждер мен мамандықтарды өздері таңдайды. Яғни, мемлекеттік тапсырыс талапкерлердің таңдауы бойынша колледждерге нақты қабылдау қорытындысына қарай орналастырылады. Бұл мемлекеттік тапсырысты бөлудің ашықтығын қамтамасыз етеді, - деді Римма Иманғазинова.

Сонымен қатар ол биыл алғаш рет барлық мектеп түлегіне ақпараттық жүйе арқылы кәсіби диагностикадан өту мүмкіндігі берілгенін айтты. Нәтижесінде талапкерлер белгілі бір мамандық бойынша ұсыныс ала алады.

Ол жерде жас түлек мамандықтардың сипаттамасымен танысады. Диагностиканың қорытындысы талапкерге мамандық таңдауда көмек береді, - деді ол.

Сөз арасында ол техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына қабылдау 25 маусымнан басталатынын жеткізді.

Құжаттар екі жолмен қабылданады, атап айтар болсақ, электронды үкімет веб порталы арқылы немесе тікелей колледжге жүгіну арқылы жүзеге асады. Талапкерлер 4 оқу орнына дейін 4 мамандық пен біліктілікке дейін таңдау арқылы орта буын және қолданбалы бакалавриатқа өтініш бере алады. Оған қоса биыл түсу емтихандары алынып тасталады. Ал байқау орташа балл бойынша ақпараттық жүйе арқылы автоматтандырылған режимде өткізіледі, - деді басқарма басшысы.
Бұған дейін Иманғазинова елорда колледждерінде мемлекеттік тапсырыс саны артқанын айтты.
Өзгелердің жаңалығы