Елорда колледждерінде мемлекеттік тапсырыс артты

15 Маусым 2021, 11:43
2060
Бөлісу:
Елорда колледждерінде мемлекеттік тапсырыс артты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Нұр-Сұлтан қаласы Білім беру басқармасы басшысының орынбасары Римма Иманғазинова онлайн брифинг барысында Техникалық және кәсіптік білім беру колледждеріне түсуде қандай өзгешеліктер енгізілгенін баяндады.

Оның айтуынша, Нұр-Сұлтан қаласында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде 26 492 студентті қамтитын 34 колледж бар, оның 9-ы мемлекеттік, 25-і жекеменшік.

Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша 14 085 адам, яғни 53,3% білім алады. Мамандарды даярлау 77 мамандық және 122 біліктілік бойынша келесі бағыттарда жүргізіледі. Сервис және қызмет көрсету, білім беру, медицина, құрылыс, коммуналдық шаруашылық, техника, энергетика және көлік, өндіріс, монтаждау, пайдалану және салу, байланыс және тағы басқалары, - деді ол.

Сонымен қатар ол қазір нарыққа қажетті мамандықтар бойынша кезең-кезеңімен жастарды 100% тегін оқытумен қамтуға көшіп жатқандарын айтты.

Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру жобасы аясында 2021-2022 оқу жылына мемлекеттік білім беру тапсырмасы 15 бағыт бойынша және 4 752 орынға 49 қажетті мамандық бойынша топтастырылды. Оның ішінде 1050 орын «Еңбек» бағдарламасы аясында жұмысшы біліктілігі бойынша тегін беріледі. Өткен жылмен салыстырғанда мемлекеттік тапсырыс 100 орынға артты. Мектептер мен балабақшалар санының ұлғаюына, сондай-ақ Ақпаратты технологиялар саласының дамуына байланысты елордада білім беру және ақпараттық технологиялар қызметкерлері, сервис және қызмет көрсету, құрылыс, коммуналдық шаруашылық саласындағы жұмысшыларға сұраныс өсуде. Осыған сәйкес биыл осы сұранысқа ие салаларға кадрлар дайындау саны артты, - деді Иманғазинова.

Биыл техникалық және кәсіптік білім беру кадрларын даярлау бойынша мемлекеттік тапсырысқа қатысу үшін 25 колледж, оның ішінде 9 мемлекеттік және 16 жекеменшік колледж өтінім берген.

Өзгелердің жаңалығы