Колледждерге кәсіпорындар шефтік қамқорлық көрсететін болады

2 Тамыз 2023, 17:36
720
Бөлісу:
Колледждерге кәсіпорындар шефтік қамқорлық көрсететін болады
Фото: Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еліміздегі  410 колледжіні 500-ге жуық кәсіпорын шефтік қамқорлыққа алатын болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, шефтік қамқорлық көрсететін кәсіпорындар колледждердің қорғаншылық және өндірістік кеңестеріне енді.

Олар педагогтердің кәсіпорындар базасында тағылымдамадан өтуіне, колледждердің лабораторияларын жабдықтауға қолдау білдіреді. Сондай-ақ, студенттердің әрі қарай жұмысқа орналасуына мүмкіндік беретін кәсіби және өндірістік тәжірибеден өтуі ұйымдастырылады.

Қазір 300 мыңнан астам студент кәсіби тәжірибемен қамтылған, 5 мыңнан астам педагог шефтік көрсететін кәсіпорындар базасында тағылымдамадан өтті. Колледждерде шефтік кәсіпорындардың қатысуымен 4 мыңнан астам білім бағдарламалары жаңартылды.

Еске салайық, биыл техникалық және кәсіби білім беру ұйымдарына 10 мыңнан астам студент мақсатты мемлекеттік тапсырыс бойынша міндетті жұмысқа орналастыру тәртібімен оқуға қабылданады.

Өзгелердің жаңалығы