Қазақстанда колледж түлектері жұмыспен қамтыла ма?

6 Маусым 2019, 18:47
3329
Бөлісу:
Қазақстанда колледж түлектері жұмыспен қамтыла ма?
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстандық еңбек нарығында жоғары білімі жоқ жас мамандар жақсы жалақысы бар жұмысқа әділ жолмен орналаса алмайды деген түсінік қалыптасқан. Осы ретте 6 маусымда Нұр-Сұлтан қаласындағы Политехникалық колледжде және түлектер жұмыс істейтін 2 фирмаға журналистерге арналған баспасөз туры ұйымдастырылды. Оның аясында өндірістік тәжірибеден кейін-ақ жұмысқа орналасқан колледждің табысты түлектері таныстырылды.

Қазіргі уақытта техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде 821 колледж бар, оның 479-ы мемлекеттік колледж. 1991 жылы елімізде 693 колледж болған болса, бүгінгі таңда олардың саны 128-ге көбейді. 

ҚР Білім және ғылым министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаменті Қаламқас Алғазинова колледж түлектерін жұмыспен қамту мәселесіне тоқталды. 

«Колледж түлектерін жұмысқа орналастыру бойынша мониторинг міндетті түрде жүргізіледі. Колледждерді жыл сайын 144 мыңнан астам студент бітіріп шықса, қазіргі кезде олардың 72%-ы жұмыспен қамтылған. Бүгінгі таңда елімізде робототехника, байланыс, электроникамен байланысты техникалық мамандықтарға сұраныс жоғары. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Жас маман» жобасы аясында ең көп сұранысқа ие 100 мамандықты таңдаған. Біз де осы жоба бойынша жұмыс істейтін боламыз», - деді Қаламқас Алғазинова. 

Қазақстанда колледж түлектері жұмыспен қамтыла ма?

Сондай-ақ, ол «Аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан мектеп түлектеріне оқуға түсу үшін қандай да бір жеңілдік қарастырылады ма?» деген сұрағымызға жауап берді. 

«Ондай отбасылардан шыққан балалаларға арнайы жеңілдіктер қарастырылмаған, колледжге оқуға түсу үшін барлық оқушы бірдей емтихан тапсырады, емтихан нәтижесінде бірдей балл жинаған жағдайда көпбалалы отбасыдан шыққан балалар бірінші кезекте оқуға қабылданады», - деп атап өтті ҚР Білім және ғылым министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаментінің басқарма басшысы. 

Нұр-Сұлтан қаласындағы «Политехникалық колледж» 1994 жылы құрылды. Оқу тегін. Мамандық бойынша 1 орынға 9 талапкерден келеді. 25 жылдың ішінде колледжден 12 мың студент түлеп ұшқан. 

Қазақстанда колледж түлектері жұмыспен қамтыла ма?

Бүгінгі баспасөз турының ерекшелігі сұрақтар студенттер мен түлектерге қойылды. Барлық респонденттер қарапайым көпбалалы отбасыдан шыққан оқу үздіктері. Олар өз мамандықтарын ерте (11-12 жаста) таңдап қойған. 

Солардың бірі – Политехникалық колледж түлегі Мадина Молдахметова. Ол аталған колледжде «Қонақүй сервисінің менеджері» мамандығы бойынша 3 жыл 6 ай білім алып, биыл ғана наурыз айында оқуын аяқтаған. 20 жастағы Мадина Park Inn халықаралық қонақүйінде өндірістік практикадан өтіп, сол уақыттан бері даяшы болып жұмыс істеп келеді. Айтуынша, мұнда жұмыс істеп жатқанына ресми түрде 1 жыл болған. 

Қазақстанда колледж түлектері жұмыспен қамтыла ма?

«Мен көпбалалы отбасыданмын, жанұямызда 5 бала және анам бар, ата-анам бұрын ажырасып кеткен. Мектепте оқып жүріп, колледжге түсу үшін дайындық курстарына қатыстым, ал олардың ақысын төлеу үшін бос уақытымда жұмыс істейтінмін. Мақсатыма жетіп, Политехникалық колледжге грантқа оқуға түстім. Өндірістік практикадан осы Park Inn қонақүйінде өттім де, ары қарай жұмыс істеуге ұсыныс алдым. Мен басқа да мекемелерде жұмыс істегенмін. Алайда қазіргі жұмысымның артықшылықтары көп, атап өтер болсам, ең алдымен ұжымым өте жақсы, жалақысы 100 мыңнан жоғары, еңбек демалысы беріледі, медициналық сақтандыру қамтамасыз етілген. Мұнда тұрақты жұмыспен қатар, қызметтік жоғарылауға да мүмкіндік бар. Мысалы, мен қазір даяшы болсам, алдағы уақытта супервайзер, менеджер болып жұмыс істей аламын», - деді колледж түлегі. 

Қазақстанда колледж түлектері жұмыспен қамтыла ма?

Сонымен қатар, ол алға қойған мақсаты туралы айтып берді. 

«Болашақта мен өз кәсібімді ашсам деген арманым бар. Курорттық аймақта демала отырып, отбасымен бірге уақыт өткізуге арналған қонақүй ашқым келеді. Ал қазірше осында тәжірибе жинақтап жүрмін», - деп сөзін түйіндеді жас маман.

Фото: Арман Мұхатов

Өзгелердің жаңалығы