Жаңа автокөлік сатып алған әрбір азамат көлік туралы толық әрі шынайы техникалық ақпарат алуға құқылы. Бұл туралы «Ұлттық тұтынушылар лигасы» республикалық қоғамдық бірлестігі президентінің орынбасары Василий Романовский мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, автодилер сатып алушыға көліктің барлық негізгі сипаттамаларын, техникалық ерекшеліктерін және кепілдік шарттарын толық түсіндіруге міндетті.
Сатып алушы қандай ақпарат алуы тиіс?
Сарапшының сөзінше, көліктің техникалық құжаттамасында оның қозғалтқыш қуаты, ең жоғары жылдамдығы, пайдалану ерекшеліктері және өндіруші ұсынған пайдалану талаптары нақты көрсетілуі керек.
Мысалы, қандай маркалы жанармай құю қажет екені, қандай отын қозғалтқыштың жұмысына қолайлы екені және кепілдік шарттарының қандай жағдайларда күшін жоятыны туралы ақпарат берілуі тиіс.
Кейбір көлік модельдерінің өзіне тән пайдалану ерекшеліктері болады. Егер мұндай жайттар бар болса, тұтынушы бұл туралы алдын ала хабардар етілуі қажет, – дейді Василий Романовский.
Көліктен ақау шықса не істеу керек?
Маманның айтуынша, көлікті сатып алғаннан кейін жасырын ақау анықталса, бұл жағдай «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заң аясында қаралады.
Егер анықталған кемшілік елеусіз болып, оны дилер қысқа мерзімде және қосымша шығынсыз жөндей алса, көлікті толық қайтару немесе ауыстыру мәселесі туындамауы мүмкін.
Алайда ақау күрделі сипатта болса, тұтынушының құқықтары кеңейеді.
Мысалы, қозғалтқыштың тұрақты түрде дұрыс жұмыс істемеуі, электрондық жүйелердің жиі істен шығуы немесе қайта-қайта қайталанатын техникалық мәселелер маңызды кемшілік ретінде қарастырылуы мүмкін, – дейді сарапшы.
Қандай жағдайда көлікті ауыстыруға болады?
Василий Романовскийдің айтуынша, егер дилер ұсынған жөндеу жұмыстары мәселені толық шешпесе және ақау қайтадан қайталанса, сатып алушы көлікті ауыстыруды немесе ақшасын қайтаруды талап ете алады.
Тұтынушы:
- дәл сондай жаңа көлікке ауыстыруды;
- арзанырақ модельді таңдап, баға айырмасын қайтаруды;
- қымбатырақ көлікке қосымша ақы төлеп ауысуды;
- немесе сатып алу-сату келісімін бұзып, ақшасын толық қайтаруды сұрауға құқылы.
Егер ақау жөндеуден кейін де қайталанса және дилер ұсынған шешім тұтынушыны қанағаттандырмаса, көлікті ауыстыруды немесе қаражатты қайтаруды талап етуге толық негіз бар, – дейді маман.
Маман жаңа көлік сатып алар алдында техникалық құжаттарды, кепілдік шарттарын және көліктің барлық сипаттамаларын мұқият зерттеуге кеңес береді.
Оның пікірінше, сатып алушы өз құқықтарын жақсы білсе, көлік сапасына қатысты туындауы мүмкін дауларда өз мүддесін тиімді қорғай алады.
Еске салсақ, бұған дейін Василий Романовский Қазақстанда жаңа тұрғын үй кешендерінен пәтер сатып алушылар көбіне құрылыс компанияларының жарнамалық уәделеріне сеніп, кейін түрлі қиындықтарға тап болатынын айтты.