«Құрылыс компанияларының уәделеріне сене бермеңіз»: Баспана сатып аларда нені ескеру керек?

Пәтер сатып алу кезінде ең алдымен сатып алу-сату шарты мен техникалық құжаттаманы мұқият зерделеу қажет.

2 Қыркүйек 2026, 11:36
АВТОР
 ©BAQ.KZ коллажы 2 Қыркүйек 2026, 11:36
2 Қыркүйек 2026, 11:36
132
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстанда жаңа тұрғын үй кешендерінен пәтер сатып алушылар көбіне құрылыс компанияларының жарнамалық уәделеріне сеніп, кейін түрлі қиындықтарға тап болады. Бұл туралы «Ұлттық тұтынушылар лигасы» республикалық қоғамдық бірлестігі президентінің орынбасары Василий Романовский айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Оның сөзінше, пәтер сатып алу кезінде ең алдымен сатып алу-сату шарты мен техникалық құжаттаманы мұқият зерделеу қажет.

Құжатта нақты не көрсетілуі тиіс?

Сарапшының айтуынша, келісімшартта пәтердің барлық техникалық сипаттамалары нақты жазылуы керек. Оған тұрғын үйдің ауданы, инженерлік желілердің тартылуы, сумен және электр энергиясымен қамту мәселелері, сондай-ақ үйдің техникалық ерекшеліктері кіреді.

Кейбір сатып алушылар үшін үйде резервтік генератордың болуы маңызды болуы мүмкін. Сондықтан тұрғын үйге қатысты барлық техникалық талаптар құжат жүзінде бекітілуі қажет, – дейді маман.

Сонымен қатар тұрғын үй кешенінің болашақ инфрақұрылымы да нақты көрсетілуі тиіс. Мәселен, балалар алаңының, автотұрақтың, демалыс аймақтарының немесе басқа да нысандардың салынуы келісімшартта жазылған жағдайда ғана құрылыс салушыдан оны талап етуге мүмкіндік бар.

Менеджердің уәдесіне емес, құжатқа сеніңіз

Василий Романовскийдің айтуынша, тұрғын үйді сату барысында менеджерлер сатып алушыларға түрлі артықшылықтарды уәде етіп жатады. Алайда олардың басым бөлігі кейін жүзеге аспауы мүмкін.

Мысалы, кейбір тұрғын үй кешендерін жарнамалау кезінде болашақта метро желісі тартылатыны, аумақ толық көгалдандырылатыны немесе еуропалық стандарттағы балалар алаңдары салынатыны айтылған жағдайлар кездескен.

Бізге құрылыс компаниясының осындай уәделеріне сеніп пәтер сатып алған азаматтар бірнеше рет жүгінді. Кейін белгілі болғандай, метро салу жоспарда болмаған, ал уәде етілген инфрақұрылым мүлде жүзеге аспаған, – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, тұрғындардың көбі бұл ақпаратты тек ауызша естіп, ресми құжаттардан тексермеген.

Кейін дәлелдеу қиын

Маманның сөзінше, мұндай даулар туындаған кезде ең алдымен сатып алу-сату шарты зерттеледі. Алайда көп жағдайда тұрғындар шағымданған мәселелердің ешқайсысы келісімшартта көрсетілмеген болып шығады.

Адамдар көбіне баспаналы болудың қуанышымен құжаттардың мазмұнына терең мән бермейді. Нәтижесінде құрылыс компаниясы келісімшартта мұндай міндеттемелер жазылмағанын айтып, жауапкершіліктен жалтарып кетеді, – дейді ол.

Сарапшы менеджерлердің ауызша айтқан сөздерін кейін дәлелдеу өте қиын екенін атап өтті. Сондықтан барлық маңызды уәде келісімшартта немесе кем дегенде ресми хат алмасу барысында бекітілуі қажет.

Кей жағдайда өтемақы төленеді

Василий Романовскийдің айтуынша, тұтынушылардың шағымынан кейін кейбір құрылыс компаниялары мәселені сотқа жеткізбеу үшін өтемақы төлеуге келіседі.

Кейбір жағдайларда сатып алушыларға әр шаршы метр үшін белгілі бір көлемде қаржы қайтарылған. Дегенмен бұл барлық жағдайда бола бермейді.

Кейбір құрылыс салушылар тұтынушылармен келісімге келуге дайын болса, енді бірі келісімшартта көрсетілмеген талаптар үшін жауап бермейтінін алға тартады. Заң тұрғысынан алғанда, егер белгілі бір міндеттеме құжатта жазылмаса, оны орындату өте қиын, – дейді сарапшы.

Сарапшының кеңесі

Маман тұрғын үй сатып алар алдында құрылыс компаниясының барлық уәдесін ресми құжаттармен растауға кеңес береді.

Оның айтуынша, келісімшартта көрсетілмеген кез келген уәде кейін дау туындаған жағдайда заңдық күшке ие болмауы мүмкін. Сондықтан пәтер сатып алмас бұрын жобаның техникалық сипаттамаларын, инфрақұрылымға қатысты жоспарларды және құрылыс салушының міндеттемелерін мұқият тексеру қажет.

Наверх