Көлік жүргізуде тәртіп пен мәдениет төмен – Үкімет басшысы

3 Қазан 2023, 11:28
568
Бөлісу:
Көлік жүргізуде тәртіп пен мәдениет төмен – Үкімет басшысы
Фото: Артём Чурсинов - архив

Бұл жайында үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Осы жылы статистикалық деректер бойынша жол-көлік оқиғалары мен зардап шеккендердің саны біршама төмендеген. Дегенмен, әлі де еліміздің күре жолдарында күніне орта есеппен 5-6 адам қаза табады. Әр цифрдың артында қаншама жанның өмірі мен денсаулығы тұр. Өкінішке қарай, бізде көлік жүргізу мәдениеті мен тәртіп деңгейі төмен, – деді Премьер.

Айтуынша, азаматтар үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік қатаңдатыла бермек.

Соған қарамастан, полиция жол бойында мас күйде рөлге отырған және бұрын көлік жүргізу құқығынан айырылған мыңдаған жүргізушіні ұстайды. Әрине, мұндай заң бұзушыларға барынша қатаң шара қолдану керек, – деді ол.

Смайылов жолдағы қозғалыс қауіпсіздігін бақылау жүйесіндегі жағдай да мәз емес екенін айтады.

Бейнекамералар мен басқа да техникалық құралдарды толық пайдалану мүмкін болмай отыр. Кей жерде олар жетіспей жатса, кей жерде мүлдем жұмыс істемейді. Елді мекендердегі камералар санын көбейткен жөн, ал республикалық маңызы бар автожолдарда аппараттық-бағдарламалық кешендерді белсенді пайдалану керек, – деді Үкімет басшысы.

Өзгелердің жаңалығы