Көлік үшін кәдеге жарату алымының мөлшері 150 000 теңгеден аспау керек – депутат

28 Наурыз 2024, 15:53
381
Бөлісу:
Көлік үшін кәдеге жарату алымының мөлшері 150 000 теңгеден аспау керек – депутат
Фото: скрин

Көптеген қазақстандыққа импорт автомобильдің бағасы тым жоғары болып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оған кедендік алымдар, кәдеге жарату төлемдері және алғашқы тіркеу төлемдері себеп болуда. Бекбол Орынбасаров өзінің депутаттық сауалында еліміздің автопаркін жаңартудағы проблемалар туралы жария етті.

Сенатордың айтуынша, депутаттарға кедендік алымдар, кәдеге жарату төлемдерінің мөлшері мен импорт автомобильдерді тіркеу туралы азаматтардың өтініштері үнемі келіп тұрады. Сенаторлар Үкіметке бірнеше рет депутаттық сауалдар жіберген болатын, алайда нақты экономикалық міндеттерге, ғылыми тұжырымдарға негізделген және екі тарапты да қанағаттандыратын шешім әлі табылған жоқ. Нәтижесінде қарапайым қазақстандықтарға «автомобиль сатып алу» деңгейіне қол жеткізу төмендеп барады.

Сенатор жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы халықты жаңа автомобильдермен қамтамасыз ету мақсатына жете алмағанын, ал жаңа және сапалы автомобильдерге қол жеткізудің қиындығы машинаны есепке қоюдағы заңсыздықтың көбеюіне себеп болғанын атап өтті. Сенатор азаматтардан түскен шағымдарды талдау негізінде Үкімет басшысына кәдеге жарату алымын төмендетуді, кедендік баж бен автомобильді тіркегені үшін алым мөлшерін азайтуды ұсынды.

Қозғалтқыш көлемі екі мың текше сантиметрге дейінгі, шыққанына үш жылдан аспаған автомобильдер үшін кәдеге жарату алымының мөлшерін 150 000 теңгеден аспайтындай етіп қайта қарауды сұраймын. Кедендік бажды есептеу кезінде кедендік торды азайту жағына қарай қайта қарау керек. Қазіргі уақытта автокөліктердің көпшілігі, әсіресе, Қытайдан Қазақстанға Қырғыз Республикасы арқылы әкелінетін фактілер бар, өйткені автокөлік иелері ҚҚС пен бажды біздің мемлекетімізге қарағанда бірнеше есе аз төлейді. Шығарылған жылын қоса алғанда, бес жылға дейін көлік құралдарын мемлекеттік тіркегені үшін алым мөлшерлемесін 0,25 АЕК көлемінде қарастыруды ұсынамын. Аталған ұсыныстар Қазақстан азаматтарына сапалы және қолжетімді автокөліктермен жаңартуға мүмкіндік береді деп сенеміз, - деді Бекбол Орынбасаров.

Өзгелердің жаңалығы