Көлік нөмірінің цифры мен әріптерін адам өзі таңдай алады - министр

2 Шілде 2023, 20:29
2016
Бөлісу:
Көлік нөмірінің цифры мен әріптерін адам өзі таңдай алады - министр
Фото: BAQ.KZ - архив

Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин әлеуметтік желідегі жеке парақшасында жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ

«Алматыда Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына бардым. Ішкі істер министрлігімен бірлесе жоғары сұранысқа ие автокөлік нөмірлерін сату қызметін енгізу бойынша ауқымды жұмыс атқарылуда. Қазіргі уақытта қазақстандықтар мұндай мемлекеттік нөмірлерге электронды үкімет порталы және eGov Mobile мобильдік қосымшасы арқылы тапсырыс бере алады. Өткен жылы отандастарымыз шамамен 6 млрд теңгеге VIP-нөмірлерді сатып алған. Биылғы жылы 3 млрд теңгеге 8 мыңнан астам нөмір берілген. Маған басқа да арналар арқылы қажетті нөмірлерге тапсырыс беруге болатындығы туралы ақпарат келіп жатады. Бұл жағдаймен барынша таныспын. Сондықтан біз мемлекеттік нөмірлерді таңдауға бағытталған қызметті енгізу мәселесін пысықтап жатырмыз», - дейді Б.Мусин.

Министрдің айтуынша, көлікке нөмірді таңдау қызметі арқасында әріп белгілерін де өз бетінше белгілеуге мүмкіндік болады.

«Мұндай функцияның көмегімен клиент кез келген әріптік нөмір белгілерін таңдай алады. Мысал ретінде алсам, сатып алушы өз есімінің алғашқы үш әрпін енгізу арқылы қалаған нөміріне қол жеткізе алады. Бұл қызмет түріне бізде үлкен сұраныс бар. Бүгінгі таңда мұндай қызметті жүзеге асыру үшін жоғары сұранысқа ие нөмірлердің тізбесін ұлғайтуды заңнамалық түрде бекітуіміз қажет. Осы орайда, біз Парламенттен қолдау табамыз деген үміттеміз. Себебі, осындай нөмірлерді сату арқылы бюджетке қосымша қаражат түсіретін едік», - деп жазды министр.

Өзгелердің жаңалығы