Көлік министрі қызметіне кіріскен Әсел Жанасова алғашқы мәлімдемесін жасады

4 Қараша 2026, 11:25
АВТОР
 Үкіметтің баспасөз қызметі 4 Қараша 2026, 11:25
4 Қараша 2026, 11:25
172
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Қазақстанның жаңа Премьер-министрінің орынбасары – Көлік министрі Әсел Жанасова қызметіне тағайындалғаннан кейін алғашқы мәлімдемесін жасады. Ол Instagram парақшасында ведомство жұмысының басым бағыттарын атап өтті. Олардың қатарында халықаралық көлік дәліздерін дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту, автомобиль жолдарының сапасын арттыру және саланы цифрландыру бар, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Әсел Жанасова көрсетілген сенім үшін алғыс айтып, жаңа қызметке тағайындалуын үлкен жауапкершілік әрі елдің дамуына үлес қосу мүмкіндігі ретінде қабылдайтынын жеткізді.

Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Көлік министрі болып тағайындалдым. Мұны үлкен жауапкершілік әрі еліміздің дамуына үлес қосу мүмкіндігі деп қабылдаймын, – деп жазды Әсел Жанасова.

Ведомство басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында көлік-логистика саласын елдің стратегиялық басым бағыттарының бірі ретінде айқындағанын еске салды. Қазақстанның алдында географиялық орналасу мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, Еуразиядағы жетекші логистикалық хабтардың біріне айналу міндеті тұр.

Министрдің айтуынша, бұл мақсатқа жету үшін халықаралық көлік дәліздерін дамыту, теміржол және автомобиль инфрақұрылымын жаңғырту, әуе тасымалының әлеуетін арттыру және шекарадағы өткізу пункттерінің жұмыс тиімділігін жақсарту қажет.

Сонымен қатар көлік саласын толық цифрландыруға ерекше назар аударылады.

Әсел Жанасова Премьер-министр Олжас Бектенов белгілеген міндеттерге де тоқталды. Атап айтқанда, автомобиль жолдарының сапасын арттыру, құрылыс стандарттарын жетілдіру, сондай-ақ инфрақұрылымдық жобалардың уақытылы әрі сапалы жүзеге асырылуын қамтамасыз ету мәселелері бар.

Алдымызда ауқымды әрі жауапты міндеттер тұр. Сіздермен ашық диалог орнатып, алдағы уақытта да жұмысымыз туралы ақпаратпен бөлісіп отырамын, – деп атап өтті министр.

Еске салайық, 2026 жылғы 3 қарашада Мемлекет басшысының Жарлығымен Әсел Жанасова Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Көлік министрі болып тағайындалды. Бұған дейін ол Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары қызметін атқарған. Көлік министрі лауазымында Нұрлан Сауранбаевты алмастырды.

Сондай-ақ, Олжас Бектенов жаңадан тағайындалған министр Әсел Жанасованы таныстырды.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Asel Zhiyenbayeva Zhanassova (@asselzhanassova)

Наверх