Көлігінде ұйықтап жатқан тұрғынның ұялы телефонын ұрлаған күдікті ұсталды

26 Тамыз 2021, 16:11
19265
Бөлісу:
Көлігінде ұйықтап жатқан тұрғынның ұялы телефонын ұрлаған күдікті ұсталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Кентау қалалық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Ер адамның айтуынша, ол таңғы уақытта көпқабатты тұрғын үйдің ауласында көлігінің есік-терезесін ашып, ұйықтап жатқанда белгісіз біреу жанында тұрған «Самсунг» маркалы ұялы телефонын жымқырып кеткен. 

Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 200 000 теңгені құрады. Бұл іс бірден полиция бөліміне ҚР ҚК-нің 188-бабы («Ұрлық») бойынша  тіркеуге алынды. Кәсіби шеберлігі мол, қырағы кентаулық тәртіп сақшыларынан құрылған жедел-тергеу тобы бірден оқиға орнына жетіп,  іздестіру шараларын жүргізді. 

4 бірдей көпқабатты тұрғын үй орналасқан ауладағы барлық тұрғыннан, көрген-білгендерден жауап алды. Осы аймақта бейнебақылау камераларының болмауы полицейлердің жұмысын біраз қиындатты. Дегенмен шұғыл-іздестіру іс-шарасы оң нәтиже берді. Полицейлер күдіктінің жеке басын анықтап, оны Кентау ҚПБ-ның тергеу бөліміне жеткізді. Күдікті жергілікті тұрғын болып шықты. 

Белгілі болғандай, оңай жолмен ақша таппақ болған күдікті жәбірленушіге білдіртпестен, көліктегі ұялы телефонды алып, оқиға орнынан бой тасалаған. Содан ұрланған ұялы телефонды өзімдікі деп, көршісіне 3000 теңгеге сатып жіберген. Қазіргі таңда ұялы телефон айғақты зат ретінде алынып, заңды иесіне қайтарылды. Полицейлер оқиғаның толық мән-жайын анықтап, тергеу амалдарын жүргізуде, - деп хабарлады ТО ПД-ның баспасөз қызметі.

Өзгелердің жаңалығы