Көлігін онлайн тіркегендер арасында ұтыс ұйымдастырылады

1 Тамыз 2019, 20:30
1693
Бөлісу:
Көлігін онлайн тіркегендер арасында ұтыс ұйымдастырылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы көліктерін egov.kz порталы арқылы онлайн тәсілмен тіркеткен азаматтар арасында ұтыс өткізеді.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» Түркістан облысы филиалының баспасөз қызметінің хабарлауынша, оған көліктерін тамыздың 1-і мен 31- аралығында тіркеткендер қатыса алады.

«Бүгіннен бастап жаңа көлік алып, өз атына онлайн тіркеткен қазақстандықтар «Көлігіңді онлайн тіркеп, ұтып ал жаңа дөңгелек» ұтыс ойынына қатысып, бірнеше сыйлықтың бірінің иегері атана алады. Бұл шара көлікті қайта тіркету мемлекеттік қызметінің электронды форматта алу үрдісін танымал етіп, халықты қызметтерді онлайн алуға ынталандыру үшін жүргізіліп отыр», - делінген хабарламада. 

Ұтысқа қатысушылардың тізімі жеке сәйкестендіру нөмірлерінен тұрады. Ал жеңімпаздар кездейсоқ таңдау бойынша анықталатын болады. Ұтыс 1 қыркүйек күні сағат 15.00-де мемлекеттік корпорацияның инстаграмдағы @gov4c.kz парақшасында жүргізіледі.

gov4c.kz_1_01082019_0407.jpg

Байқау жеңімпазына жаңа дөңгелектерді алуға мүмкіндік беретін сертификат табысталады, жеңімпаз оларды қалауынша көлігінің маркасына сай қылып ала алады. Одан бөлек, жұбаныш сыйлықтары да ойнатылады. Ұтысқа қатысушылар сақтандыру полисін, көлік жуу орталығына абонемент, бейнетіркеуіш, май ауыстыру, жанармайдың толық багын ұтып ала алады. 

Айта кетейік, автокөлікті қайта тіркеу үшін көлік иелерінің электрондық цифрлық қолтаңбасы болу керек. Жыл басынан бері елімізде 26 мың көлік онлайн тәсілмен рәсімделген. 

Өзгелердің жаңалығы