Көлгінов ХХІ ғасырдың мұғалімі қандай болуы керегін айтты

12 Қаңтар 2023, 21:21
840
Бөлісу:
Көлгінов ХХІ ғасырдың мұғалімі қандай болуы керегін айтты

Оқу-ағарту министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов замануи мұғалім қандай болуы керегін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ұстаздардың кәсібилігін арттыру үшін кешенді шаралар қабылдау қажет. Ұстаз – ол тек мамандық ғана емес, ол жоғары және аса жауапты миссия. Ұстаз тұлғасы оның кәсібилігі мен балаларға деген сүйіспеншілігі, оқушыны тұлға ретінде қалыптастыруда ерекше маңызға ие. Сондықтан мектеп мұғалімдері әрқашан уақыт ағымына сай дамуы керек, - деді Үкімет басшысының орынбасары.

Сөзінше, мұғалім елімізде және әлемде болып жатқан барлық өзгерісті балаларға жеткізе білуі керек.

Ұстаздар жаңатылған білім берудің мазмұны бойынша оқытудың озық технологияларын пайдалануда кәсіби болуы қажет. Бұл үшін қажетті жағдайды жасап жатырмыз. Соңғы жылдары мұғалімдердің жүктемесі азайтылып, еңбекақысы айтарлықтай көтерілді. Президенттің тапсырмасына сәйкес жыл сайын жалақы 25%-ға өсіп отыр. Ұстаздардың мәртебесі жөнінде арнайы заң қабылданды. Бұрынғыдай артық тапсырма жоқ, мұғалім тек оқыту жұмысымен айналысуы керек, - деп атап өтті Алтай Көлгінов.

Премьер-министрдің орынбасары бастысы сапаны көтеру керегін айтты.

Ол Оқу-ағарту министрлігіне Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірге заманауи білім беру талаптарын атқаруға қабілетті ұстаздар даярлау мәселесіне басты назар аударуды тапсырды.

Мектептердің, педагогикалық колледждердің, педагогикалық университеттердің бірлесіп жұмыс істеуі негізінде жоғары кәсіби құзыреттілігі бар ұстаздарды даярлауды қолға алуымыз қажет, - деп тапсырды Көлігінов алқа отырысында.

Өзгелердің жаңалығы