Алматыдағы Көкжайлау аумағында салынып жатқан Almaty SuperSki курорты қонақүй, қоғамдық тамақтану, көлік және сауда салаларына жаңа сұраныс әкелуі мүмкін. Экономист Айбар Олжайдың пікірінше, жобаның экономикалық әсері туристердің қанша күн аялдап, жергілікті қызметтерге қанша ақша жұмсайтынына байланысты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Көкжайлаудағы құрылыс белсенді кезеңге өтті. Премьер-министр Олжас Бектенов курортты 2028 жылдың желтоқсанында іске қосуды тапсырды. Жоба аясында 60 шақырым шаңғы трассасы мен 17 көтергіш салу жоспарланған. Курорт күніне 10 мың шаңғышыны қабылдай алады деп есептелген. Шамамен 5 мың жұмыс орны ашылады деп күтіледі.
Аспалы жолдың бөлшектері Қазақстанда өндіріледі
Француздық POMA компаниясы курортқа 11 аспалы жол салады. Оның кейбір құрылымдық бөлшектері Қазақстанда өндірілмек. Француз компаниясы отандық кәсіпорындардың мүмкіндігін бағалап, Еуропаның сапа және қауіпсіздік стандарттарына сай жұмыс істей алатын жергілікті өндірушіні іріктеген.
Шетелдік инвестиция Қазақстанға тек дайын жабдық әкелумен шектелмеуі керек. Ол технология, өндірістік құзырет, жаңа тапсырыс және жұмыс орындарын бірге алып келуге тиіс, – дейді Айбар Олжай.
Жобаға швейцариялық Blumer–Lehmann компаниясы, даниялық Bjarke Ingels Group архитектуралық бюросы және әлемнің 46 елінде мыңнан астам жобаға қатысқан канадалық Ecosign компаниясы тартылған.
900 млн долларлық есеп қалай шықты?
Олжайдың сценарийі бойынша, курортқа жылына бір миллион турист келіп, әрқайсысы орта есеппен үш күн аялдап, тәулігіне 300 доллар жұмсаса, олардың жиынтық шығыны 900 млн долларға жетеді.
Әрине, бұл нақты табыс емес, белгілі бір болжамдарға негізделген сценарийлік есеп. Оның үстіне бұл ақшаның бәрі курорт операторына түспейді, – дейді журналист.
Оның айтуынша, туристер жұмсаған қаражаттың қомақты бөлігі қонақүйлерге, мейрамханаларға, тасымалдаушыларға және сауда орындарына бағытталуы мүмкін. Бұл Алматының шағын және орта бизнесіне жаңа нарық ашады.
Құрылысқа қанша жер қарастырылған?
Жобаның жалпы аумағы 1 022 гектарды құрайды. Оның шамамен 20 гектары, яғни 2 пайызға жуығы құрылысқа қарастырылған. Аумақ Іле Алатауы ұлттық паркінің құрамында қалып, ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесін сақтауы тиіс. Жоспарда жеке виллалар, коттедждер мен жабық тұрғын үй кешендерін салу көзделмеген.
Дүниежүзілік экономикалық форумның туризмді дамыту индексінде Қазақстан 110 елдің арасында 56-орынға жайғасып, Орталық Азия бойынша бірінші орын алды. Олжай Көкжайлаудың экономикалық ықпалы Бозжыра, Шарын және Көлсайдың әсерінен де асып түсуі мүмкін деп есептейді.
Туризмнің ең үлкен жетістігі туристің келуі емес, оның келуінен бүкіл ел экономикасының пайда көруі, – дейді Айбар Олжай.
Тағы оқи отырыңыз: Almaty SuperSki ауқымды жобасының құрылысы қарқын алды: Курорт әлемдік деңгейге жетеді