Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2026 жылғы қаңтарда Энергетика және Ауыл шаруашылығы министрліктері 2026 жылғы 1 ақпан мен 30 маусым аралығындағы кезеңге «2026 жылғы көктемгі дала жұмыстарына 402,2 мың тонна дизель отынын беру графигін» бекітті. Өңірлердегі дизель отынына Энергетика министрлігі ұсынатын ағымдағы баға литріне қосылған құн салығымен 263 теңге болады. Түпкілікті бағаны өңірлік оператор белгілейді. Ол литріне 281 теңгені құрайды. Бұл литріне 49 теңгеге арзан немесе жанармай құю станцияларындағы бөлшек сауда бағасынан 15 пайызға төмен, – дейді министр.
Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге арналған дизель отыны қозғалысының ашықтығы мен бақылауын қамтамасыз ету үшін бірқатар шара қабылданған.
Атап айтқанда:
жеке ПИН-кодтар белгіленді;
дизель отыны сары, көк және қызыл түске боялды;
электрондық шот-фактура жүйесінде дизель отыны үшін бөлек виртуалды қойма құрылды.
Нәтижесінде нақты іріктеу 729 мың тоннадан 602 мың тоннаға дейін немесе 127 мың тоннаға, яғни 21 пайызға азайды. Бұл тәжірибені жалғастыру ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін дизель отынын мақсатты пайдалануды қамтамасыз етеді, – деді Ерлан Ақкенженов.
Министрдің мәліметінше, ақпан-сәуір аралығында жоспарланған 402,2 мың тоннаның 204,8 мың тоннасы немесе 51 пайызы тиеп-жөнелтілген.
Нақты айтқанда, ақпанда 12,7 мың тонна, наурызда 94 мың тонна, сәуірде 97,8 мың тонна жіберілді. Ал мамырда 116,3 мың тонна, маусымда 32,9 мың тонна жөнелту жоспарланып отыр. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге дизель отынын тиеп-жөнелту Энергетика министрлігінің тұрақты бақылауында, – дейді министр.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан егіс алқаптарын ЖИ арқылы бақылай бастайтыны хабарланды.
Сондай-ақ, Үкімет отырысында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев қай өңірлерде жауын аз жауатынын айтты.