Көксу ауданы көкөністермен өзін өзі қамтып отыр

15 Қыркүйек 2022, 21:12
1783
Бөлісу:
Көксу ауданы көкөністермен өзін өзі қамтып отыр
PHOTO

Көксу ауданының көкөністермен өзін өзі қамтуға деген талпынысы табысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл ретте Бесқайнар ауылындағы «Алим-Таяр» шаруа қожалығында пияз  жинау, сол сияқты Талапты ауылындағы «Көгершін» шаруа қожалығында қызанақ жинау науқаны қызып жатыр.  

Көксу ауданы көкөністермен өзін өзі қамтып отыр

Жетісу облысы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше,«Алим-Таяр» шаруа қожалығының иесі Таяр Зейналов жермен жұмыс істеуді ең алғаш 1990 жылдарда 12 гектармен бастап, 4 гектарға арпа, 8 гектарға қант қызылшасын егілген. Сонымен қатар шаруашалық қант қызылшасы, жүгері, сояға да ден қойған. Әлеуметтік маңызды азық ретінде пияз өсіруді 2010 жылдан бастап қолға алып, содан бері көкөністің осы түріне әбден маманданып алды десе де болады. Қазір шаруашылық жыл сайын 300-400 тонна көлемінде пияз жинайды. Биыл өнім шығымы орташа, әр гектарына 50 тоннадан айналды дейді Таяр Зейналов. Оған жауынның сәл кешеуіл жауғаны өз әсерін тигізгенге ұқсайды. Қазірдің өзінде берісі жақын ауылдарға, арысы Аягөзге дейін өнімдері жылдам саудаланып жатыр. Бірақ шаруагер жан ең алдымен өз ауданын көкөніспен қамтуды басты мақсат тұтады. Бұл үшін өнімін алқап басында ғана емес, аудан аумағынан өтетін Алматы – Өскемен тас жолының үстінде де сатылады, оған арнайы шатыр қойылмақшы. 

Көксу ауданы көкөністермен өзін өзі қамтып отыр

Алқапта 50 адам еңбек етіп жүр, соның 20-сы - тұрақты жұмысшы. Бір күнде 4 адамнан тұратын бір бригада орта есеппен 300 қап пияз жинайды. Әр адам еңбек өнімділігіне қарай күндігіне шамамен 10-12 мың теңге табыс табады. 

Жұмыстың бәрін механикаландырып, жеңілдетуге де болады. Дегенмен ауыл тұрғындарының қол еңбегі мен үшін бәрінен бағалы, оларды табыс көзінен айырғым келмейді. Тұрғындармен алқап басында бірге жүріп, аралас-құраластықта, өзара бауырластық байланыста жұмыс істегеннің рахаты бөлек.   «Бауырың жақын ба, көршің жақын ба» дегенде көршім жақын дейтініміз тегін емес қой. Біздің пиязымыздың көлемін өздеріңіз көріп тұрсыздар, жұдырықтай, тығыз. Мұндай сапалы өнімді жасанды қоспаларсыз, экологиялық таза күйінде алып отырмыз. Мен үшін ақша санағаннан бұрын сапалы өнім өсірген маңызды - дейді Т.Зейналов. 

Анар Ысқақова шаруа қожалығы құрылған алғаш күннен бері кәсіпкермен бірге жұмыс істеп келеді. Бастапқыда қарапайым жұмысшыдан бастап, бүгінде бригадирлікке көтерілген. 

Көксу ауданы көкөністермен өзін өзі қамтып отыр

Көктемгі егіс кезінен қара күзде дейін алқапта еңбек етеміз. Өнімді себу, баптау, жинау – барлық өндіріс процесіне бастан-аяқ қатысамыз. Тұрғындар мұнда Балпық би кентінен, Бесқайнар, Жарлыөзек, Амангелді сияқты көптеген елді мекендерден келіп жұмыс істейді. Оларды таңертең ауылдарынан арнайы көлік алып келеді, тасымалдау ұйымдастырылған. Пияз науқаны біткен соң осы бригадамызбен қызылша жинауға кірісеміз. Таяр Зейналовтың ұжымға жасайтын қамқорлығын ерекше ризашылықпен айтамыз. Карантин кездерінде, Құрбан айт, Ораза айт сияқты мерекелерде өз жұмыскерлерінен бөлек, Бесқайнар ауылының тұтас тұрғындарына ұн, қант, май сияқты алғашқы қажеттіліктегі азық-түліктерді тегін таратып берді. Маусымдық жұмыс істейтінімізге қарамастан, қыс кезінде де қожалықтан аванс ала аламыз. Талапты жастарға да үнемі жәрдемдесіп келеді. Қызым Адия Ысқақова еркін күрестен жасөспірім қыздар арасында Алматы облысының 4 дүркін чемпионы. Оның биылғы жылдың мамырында Францияда өткен жасөспірімдер арасындағы әлемдік додаға қатысып қайтқан сапарына демеушілік көрсеткен де біздің Таяр Догбайұлы. Осындай қолдаудың арқасында Адия Гимназиада жарысында алғашқы төрттіктен көрінді,  - дейді Анар Ысқақова. 

Көксу ауданы көкөністермен өзін өзі қамтып отыр

Көксу ауданында қияр мен қызанақ өсіріп отырған «Көгершін» шаруа қожалығының алқабында да қызу еңбек. Мұнда бүгінге дейін 3 гектар алқаптан 170 тонна қызанақ жинап үлгерген. Өнімділік әр гектарынан 70 тоннадан айналған. Жиналады деп жоспарланып отырған көлемі – 250 тонна. Бригада мүшесі Есхат Қайсаның айтуынша, шаруашылықта келесі жылы көкөніс алқабы 6 гектарға жеткізіледі деп көзделіп отыр. Оған қоса тұқымды қазіргідей жалға алған жерге емес, қожалықтың өзіне берілетін жерге ексек деген ойлары бар. Ол үшін қазір әкімдік осы аймақтан жер қарастырып жатыр. 

Алқапта 12 адам еңбек етуде. Олар күніне 5-6 мың теңге көлемінде табыс табады. Қызанақтың голландиялық сортының шығымы жақсы. Жергілікті тұрғындарға өнімнің әр келісі 60 теңгеден, сырттан келіп алушыларға 100 теңгеден саудаланады. 

Жалпы Көксу ауданында көкөніс 885 гектарға себілген, қазіргі уақытта соның 688 гектары жиналды. Ал облыс бойынша бүгінгі күнге 320 мың тонна көкөніс жиналған. 

Өзгелердің жаңалығы