Көкшетаулық сәнгер қазіргі заманға лайықталған ұлттық киім тікті

20 Наурыз 2021, 11:10
2062
Бөлісу:
Көкшетаулық сәнгер қазіргі заманға лайықталған ұлттық киім тікті
Фото: автордан

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Наурыз мейрамы қарсаңында Көкшетаудағы «Ақай» сән үйінің директоры, сәнгер, көпбалалы ана Ғалия Алдабергенова ұлттық нақыштағы «Тенгри» киімдер топтамасын көпшілік назарына ұсынды. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы арқылы кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкер отандық сән индустриясын дамытуға өз үлесін қосып келеді.

Коллекцияның тұсаукесеріне қатысқан Көкшетау қаласының әкімі Амангелді Смайылов ұжымды алдағы Наурыз мерекесімен құттықтады.​

Наурыз айында біз тату көршілік, қонақжайлылықтың, үлкендерге құрметпен қараудың үздік дәстүрлеріне ерекше ықыласпен ораламыз. Көктемгі күн мен түннің теңесіп, табиғат оянған шақта бір-біріміздің қателіктерімізді кешіріп, реніштерді ұмытып, бақыт пен жақсылық тілейміз. Біз әрқашан Наурызды жақсылыққа деген шынайы үмітпен қарсы аламыз, - деді өз сөзінде қала басшысы.​

Қала әкімі тігін өндірісінің меңгерушісі Әсемгүл Қалиқайдарова мен тігінші Татьяна Кияткинаға алғыс хат табыс етті.​

Тігін индустриясы еліміздегі басым бағыттардың бірі болып табылады. Жүздеген жұмыс орны құрылатындықтан әлеуметтік маңызға ие. Мемлекет бұл салаға салық жеңілдігі, квоталар, кредиттер және оқуға гранттар түрінде қолдау көрсететіні кездейсоқтық емес. Бұл тігін өндірісінің одан әрі дамуы үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. «Ақай» сән үйі индустрияда қалай жұмыс істеу керектігінің жарқын мысалы болып табылады, - деді Амангелді Смайылов.​

«Ақай» сән үйі 2004 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Сән үйінің директоры, сәнгер Ғалия Алдабергенованың ойынша, костюмдер қазіргі заманғы стиль үрдістері мен қазақ ою-өрнегінің элементтерін біріктіреді.​

Бұл - ұлттық киімдерді дәріптеудің ең ұтымды жолы. Бүгінде этно стильді киімдер жоғары сұранысқа ие бола бастады. Ұлттық нақышта келістіріліп тігілген киімдерді күнделікті өмірде де киюге болады. Тапсырыс берушілер мектеп, балабақша, балалар орталықтары қызметкерлеріне арналған киімдерге де ұлттық стильде элемент енгізгісі келеді. Біз күнделікті киетін киімдерге кесте, аппликация жасап, ұлттық өрнек, аксессуар қосамыз, - дейді сәнгер Ғалия Алдабергенова.​

Өзгелердің жаңалығы