Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Көкшетаудағы «Kazpost Engineering» компаниясы жылына 800 комбайн құрастыратын болады. Бұл туралы кәсіпорын директорының орынбасары Айбек Нұрмағамбетов мәлімдеді.
Кәсіпорында өндірістік алаңдар жаңғыртылып, жаңа цех салынды. Бұл зауыттың өнім өндіру көлемін ұлғайтуына мүмкіндік беріп отыр.
«Kazpost Engineering» «Вектор» және «Acros» үлгілерінің өздігінен жүретін астық жинайтын комбайндарын, сондай-ақ оларға қажет дестелегіштер, іріктеу платформаларын және адаптерлерді жылжытуға арналған бейімдегіштер шығарады.
Кәсіпорынның өндіріс бойынша директорының орынбасары Виталий Кунның айтуынша, компания адаптерді жылжыту үшін құрылғыларды толығымен шығаруға мүмкіндік беретін машиналар сатып алуды жоспарлап отыр.
Пандемия кезеңінде компания өндіріс көлемін арттыруға ұмтылуда. Комбайн зауыты жылдық қуатын 800 бірлік техникаға дейін арттыруды көздеп отыр. Бұл екінші цехтың іске қосылуының арқасында мүмкін болды – қосымша тағы жеті комбайн құрастыру бекеті құрылды. Сондай-ақ, кәсіпорында жаңа сырлау-кептіру кешені жұмыс істейді. Біріншіден, бұл ауа-райына қарамастан комбайнның, дестелегіштердің барлық бөлшектерін сырлауға мүмкіндік береді. Екіншіден, операциялардың белгілі бір түрлеріне кететін уақытты қысқартып, құрастыру процесін жеделдетеді. Қажетті бөлшектердің бір бөлігі Ресей мен Белоруссиядан әкелінеді, қазақстандық қамту үлесі бүгінде 40 пайызды құрап отыр. Болашақта бұл көрсеткіш көбейеді деп күтілуде, – дейді Виталий Кун.
Көкшетаудағы комбайн зауыты 10 мың шаршы метрден астам өндірістік алаңы және 2 мыңнан астам шаршы метр қойма үй-жайларын қамтиды.
Біздің жеке теміржол тұйығымыз бар, ол машина жиынтықтарын зауытқа әкелуге мүмкіндік береді. Бұл өте жылдам түсіруге мүмкіндік беретін заманауи аппарель. 2020 жылы кәсіпорын 476 бірлік комбайн шығарылды. Өткен жыл қорытындысы бойынша кәсіпорын ауыл шаруашылығы техникасы сегментінде – комбайндар өндірісі бойынша 40 пайыздық үлеске ие болды. Өнім мол сұранысқа ие, – деп атап өтті директордың орынбасары Айбек Нұрмағамбетов.
Айта кетейік, мұндай комбайнның құны 42-45 млн теңге. Өнім Қазақстанның астық егетін өңірлеріне сатылады. Ақмола облысында 15 құрастыру кәсіпорны бар, онда 20 мыңға жуық адам еңбек етеді. Мысалы, Көкшетауда олар алтын өндіреді, кірпіш, ауыл шаруашылығы және коммуналдық техника, КамАЗ-дар, авиация мен медицинаға арналған бұйымдар шығарады.