Көкшетауда жер кезегі неге жылжымайды?

10 Наурыз 2023, 18:00
822
Бөлісу:
Көкшетауда жер кезегі неге жылжымайды?
Фото: gov.kz

Көкшетауда жер кезегіне тұрғандар саны 26 мыңнан асты. Баспана тұрғызу үшін жер телімін сұрағандар саны жыл өткен сайын азаяр емес. Жергілікті билік тұрғындарға кезектің неге баяу қозғалатынын түсіндірді, деп хабарлайды Ақмола облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Қалалық қоғамдық кеңестің отырысында жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскелерін беруге қатысты жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі есеп берді.

Мәліметтерге құлақ түрсек, 2004 жылдан бері Көкшетау қаласы бойынша жеке тұрғын үй құрылысы үшін 26 528 адам жер кезегінде тұр. Бөлім бұрын жеке тұрғын үй құрылысына пайдалануға берілген жер учаскелері бойынша тексеру жүргізді. Оның барысында пайдаланылмаған 80 учаске анықталды. Оларды қала бойынша кезекте тұрғандарға ұсыну жоспарлануда.

Көкшетау қаласының жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы Әсел Зарыханова ҚР Жер кодексінің 14-бабына сәйкес бөлімнің құзыретіне иесіз жер учаскелерін анықтау және оларды есепке қою жөніндегі жұмысты ұйымдастыру кіретінін жеткізді.

Азаматтық кодекстің 242-бабына сәйкес иесіз жылжымайтын мүлік есепке қойылған күннен бастап бір жыл өткен соң жергілікті атқарушы орган коммуналдық меншікке есепке қоюға рұқсат беруді талап ете отырып, сотқа жүгінеді. Коммуналдық меншікке түскен мүлікті есепке алу, сақтау, бағалау, одан әрі пайдалану және өткізу жөніндегі жұмысты ұйымдастыруды жергілікті атқарушы орган жүзеге асырады. Жер учаскелеріне құқық беру ҚР Жер Кодексінің 43-бабымен, сондай-ақ ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы 1 қазандағы бұйрығымен бекітілген жер қатынастары саласында мемлекеттік қызметтер көрсету жөніндегі қағидалармен реттеледі. Тиісінше, жер учаскелерін мемлекет меншігіне иеліктен шығару кезінде кез келген азамат осы жер учаскелерін пайдалануға беру туралы өтінішпен жүгінуге құқыл», - дейді Әсел Зарыханова.

ҚР Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 27 наурыздағы бұйрығымен бекітілген Жер кодексінің нормаларымен және қағидалармен регламенттелген жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелері ұсынылады.

Осыған сәйкес, құрылыс үшін алаңдар болмаған жағдайда өтініш берген кезде азаматтардың өтініштері келіп түскен өтініштердің кезектілігі тәртібімен арнайы есепке қойылады. Мұндай өтініштерді қанағаттандыру барлық қажетті инженерлік коммуникациялармен қамтамасыз етілген дайын алаңдардың болуына қарай қатаң кезектілік тәртібімен ғана жүргізіледі. Сондай-ақ, жер заңнамасында халықтың әлеуметтік осал топтарына кезектен тыс жер учаскелерін беру көзделмеген, – деп түсіндірді маман.

Қала әкімінің орынбасары Дәулет Жүнісов Бірлік кенті мен Станционный аумағындажеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін бөлу жобасын еске салды. 

Шамамен кезекте тұрған 2 мыңға жуық азамат уақыт өте келе сол жерде құрылыс бастауы мүмкін. 

Ол заң бойынша қазіргі уақытта жер учаскелері инженерлік желілер мен коммуникацияларды қоспай берілмейтін алға тартты. 

Су, жылу және электр қуатын қоспай, жолдарды жүргізбей, қала тұрғындары үй сала алмайды. Сондықтан заңсыздықты болдырмау үшін алдымен жеке тұрғын үй құрылысы алаңын дайындайды. Көкшетау қаласының жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің қызметкерлеріне халықпен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуге кірісуге кеңес беремін. Кезекте тұрған адамның деректер базасымен танысу қажет. Біреулер баспана тұрғызбауы мүмкін, енді біреулердің үй салуға қаражаты болмауы мүмкін, - деді Дәулет Жүнісов.

Оның айтуынша, бұл тақырыпты қоғамдық кеңестің талқысына шығару қажет.

Мәселеге жан-жақты үңіліп, бәрін заңдастыру керек. Әрине, 2 мың учаске жалпы проблеманы шеше алмасы түсінікті. Өйткені жер телімдерін алғысы келетін 26 мыңнан астам қала тұрғыны кезекте тұр. Сонымен қатар қазір бас жоспарда қаланы дамыту бойынша көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылысына басым бағыт беріліп отыр. Бұдан былай шаһардағы жеке үй құрылыстары біртіндеп тоқтатылатын болады. Өйткені бұл экономикалық тұрғыдан тиімді емес. Инженерлік желі тартылған, бір жекеменшік үй тұрған аумаққа көппәтерлі тұрғын үй салуға болады. Онда көптеген отбасылар қоныстанып, баспанасыз жүрген қаншама адам пәтерге қол жеткізер еді, – деп атап өтті қала әкімінің орынбасары.

Өзгелердің жаңалығы