Көкшетауда жастарға қызмет көрсететін орталық ашылды

24 Ақпан 2022, 17:35
1859
Бөлісу:
Көкшетауда жастарға қызмет көрсететін орталық ашылды

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Көкшетауда жастарға мемлекеттік бағдарламалар, гранттар, жеңілдіктер, жұмысқа орналасу, ипотекалық несиелендіру бойынша кеңес беретін қызмет көрсету орталығы ашылды. 

Облыстық жастар-ресурстық орталығының жанынан ашылған Call-орталықта жастар кез-келген мәселе бойынша білікті мамандарға жүгіне алады.

Жақында қосымша сұрақтар қоюға болатын сенім телефоны іске қосылады. Кесте бойынша түрлі қызмет салаларының мамандары жастар қызығушылық тудыратын мәселелер бойынша кеңес береді. Қазірдің өзінде «Атамекен» ұлттық палатасының мамандары «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша кеңес беріп, кәсіпкерлік негіздеріне оқытып, жастарға жеке бизнес ашуға көмектесті. Call-орталық қала орталығында орналасқандықтан, барлық азаматтар үшін өте ыңғайлы. Енді оның есігі жұмыс күндері әрдайым ашық, – дейді облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі орынбасары Сабырхан Кенжебаев.

Орталықта ауыл жастары үшін де қолайлы мүмкіндіктер қарастырылған. Жұмыс барынша тиімді ұйымдастырылған. Көкшетау қаласының аумағында ең өзекті мәселелер бойынша кеңес беру үшін мамандарды жылдам жібере алатын банктер және басқа да ұйымдармен келісімдер жасалған.

Консультативтік орталық – бұл мемлекеттік органдардың жастармен өзара іс-қимыл алаңы. Барлық кеңестер мен қызметтер тегін. Әрбір хабарласқан тұлғамен жеке жұмыс жүргізіледі. Егер ол өзіне жұмыс істегісі келсе «Бастау бизнес», «Даму» және басқа да мемлекеттік бағдарламалар арқылы оқуға көмектесеміз. Жастар ресурстық орталықтары облыстың барлық аудандары мен қалаларында жұмыс істейді. Сондай-ақ жұмыс берушілер талап етілетін мамандар туралы өз хабарландыруларын бізде тегін жариялай алады, – деп түсіндірді облыстық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Мәнсия Есекеева.

Орталықта оқушыларға тегін үйірмелер туралы да кеңес беріледі. Олар өз бойындағы талант-қабілетін көрсету үшін конкурстарға да қатыса алады.

Қазір көптеген балалар мектеп психологтарымен ашық пікірлесе бермейді. Ал жастар көбінесе жеке тұлғаларға жүгінеді. Олардың қызмет құны 7-10 мың теңге аралығында. Біз жасөспірімдерге, 14-29 жас аралығындағы жастарға, қиын өмірлік жағдайларға тап болған жас отбасыларға психологиялық кеңес береміз. Жазба бойынша, құпия түрде психодиагностика, психотерапия жүргіземіз, – деп бөлісті орталық психологы Сайран Қали.

Орталық өңірдегі жастар ісі жөніндегі комитеттері бар барлық ЖОО және колледждермен, білім басқармасымен тығыз ынтымақтастық жасайды. Ал бос жұмыс орындары мен өзекті хабарландырулар әлеуметтік желілерде орналастырылады. 

Қазақ гуманитарлық-техникалық жоғары колледжінің студенттері каникул кезінде қоғамдық жұмыстар туралы кеңес алды. Оларға мемлекеттік мекемелерде, жеке және қоғамдық қорларда құжаттарды өңдеу бойынша көмекші болып жұмысқа орналасу, құжаттарды талдаумен, мәтіндер терумен және біліктілікті талап етпейтін басқа да жұмыспен айналысу ұсынылды. Жалақы шамамен 60 мың теңгені құрайды, - дейді жұмыспен қамту орталығының маманы Бекболат Саменов.

Жұмысқа орналастыру бойынша мамандар түскі үзіліспен таңғы сағат 9-дан 18.30-ға дейін тұрақты жұмыс істейтін болады. Олар бірден қажетті мемлекеттік органдармен байланысып, жастардың проблемаларын сол жерде шешетін болады. 

Бізде «Отбасы банк» мемлекеттік бағдарламалардың операторы болып табылады. Мысалы, өтініш иесі мұғалім мамандығын алған болса, ол тұрғын үй кезегінде бюджеттік қызметкер бола алады. 18 жастан асқан жастар банкпен келісім бойынша жұмыс істеуге құқылы және лицензия негізінде оның өнімдерін ұсына алады, яғни штаттан тыс ақша таба алады. Сонымен қатар, фрилансерлер топта жұмыс істейді. Банк өнімдері бойынша кеңестер, презентациялар өткізеді. Олардың әрине, толық әлеуметтік пакеті жоқ, бірақ сыйақы алады, зейнетақы және медициналық сақтандыру төленеді, дейді «Отбасы банкінің» кеңесшісі Ерлан Жанспаев.

Өзгелердің жаңалығы