Көкшетауда ерекше балалар үшін спорттық жарыс ұйымдастырылды

5 Сәуір 2021, 10:45
2884
Бөлісу:
Көкшетауда ерекше балалар үшін спорттық жарыс ұйымдастырылды

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Көкшетауда «Ерекше өмір» қоғамдық қоры мен «Дарын» спорт кешені аутизмі бар балаларға арналған спорттық олимпиада өткізді.

Көптен күткен спортық іс-шараға балалар бір ай бойы дайындалған. 

Отызға жуық бала ата-анасымен бірге қатысуға ниет білдірді. Біз эстафета форматын таңдады. Өйткені ол балаларды командаларда жұмыс істеуге үйретеді. Ата-аналар мен мұғалімдер де көмектеседі. Балаларға өздерінің басқалардан еш айырмашылығы жоқ екенін дәлелдегіміз келеді, - деп атап өтті орталықтың дефектологы Гүлфайрус Орынбаева. 

Орталық директоры Алма Хамитованың айтуынша, аутист балалар басқаларға қарағанда көбірек назар аударуды талап етеді. 

Мұндай диагнозы бар балаларды тәрбиелеу өте күрделі. Оларға әрдайым ерекше күтім мен қолдау қажет. Балалардың жан-жақты дамуына көмектесу үшін оқытушылар мен жаттықтырушылардың білімі қажет, – дейді Алма Хамитова. 

Кішкентай спортшыларға кейбір жаттығулар қиын болса да, ерекше ұмтылыстарымен мәре сызығына жетуге тырысты. «Ерекше» балалар ата-аналарының қолдауымен кедергілерден өтіп, жетістікке қол жеткізді. 

Екі жарым жасында дәрігерлер ұлымның сөйлеу кідірісі және тірек-қимыл аппаратында проблемалар бар екенін айтты. Сол себепті ол басқа балалар сияқты сөйлеспеді, жүрмеді. Қазір ұлым алты жаста. Дефектолог, логопед мамандардың үздіксіз айналысуының арқасында зейіні ашылып, сөйлеу қабілеті артты. Бірақ мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Сабақты әрі қарай да жалғастыра беру қажет. Бұрын ерекше қажеттіліктері бар жандар денсаулығын нығайту үшін «Бурабай» спорт сарайына баруға мәжбүр болатын. Енді балаларымыздың қаламызда ашылған «Дарын» көпфункционалды спорт кешенінде шынығып, денсаулықтарын нығайта алатыны қуантады, – дейді ұлын қолдап келген Айгүл Әубәкірова. 

Спорттық олимпиадада әр бала ерекше белсенділік көрсетті. Қатысушыларға мектеп құралдары естелік сый ретінде табыс етілді.

Биыл ашылған «Дарын» спорт кешенінде бір мезгілде 80 адам жаттыға алады. Қазіргі уақытта орталықта 70 аутист бала спортпен айналысады. Мұнда оқу сыныптары мен спорт залы бар. Логопед, психолог, дефектолог мамандар және емдік-дене шынықтыру бойынша жаттықтырушылар жұмыс істейді. Тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдар үшін спорт кешенінде Бубновскийдің көп функционалды тренажері бар. Бұл бұлшықет корсетін нығайтуға және омыртқадағы ауырсынудан арылуға мүмкіндік береді.


Өзгелердің жаңалығы