«Қазақстанда тағы бір миллиардер пайда болды»: Higgsfield негізін қалаушы ел азаматтығын алды

Әлемге танылған технологиялық стартаптың тең құрылтайшысы Қазақстан азаматтығын алды. Кәсіпкерге төлқұжатты кім және қандай жағдайда табыстады?

6 Қараша 2026, 11:20
АВТОР
 Instagram/@zhaslanmadiyev 6 Қараша 2026, 11:20
6 Қараша 2026, 11:20
161
Фото: Instagram/@zhaslanmadiyev

Higgsfield технологиялық компаниясының тең құрылтайшысы Алекс Машрабов Қазақстан азаматтығын алды. Кәсіпкерге азаматтық төлқұжатын Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің өзі табыстады. Бұл туралы ол Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстанда тағы бір миллиардер пайда болды! Higgsfield компаниясының тең құрылтайшысы Алекс Машрабовқа Қазақстан азаматының төлқұжатын қуана табыстадым. Биылғы 30 қазанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев тиісті Жарлыққа қол қойды. Осы маңызды оқиғамен құттықтаймын! – деп жазды Жаслан Мәдиев.

Министрдің айтуынша, Қазақстан жасанды интеллект саласын дамытып, озық технологиялар жасап жүрген талантты мамандар мен кәсіпкерлерді елге тартуға мүдделі. Мемлекет болашақ технологияларын әзірлейтін мамандардың өз жоспарларын Қазақстанмен байланыстырып, идеяларын жүзеге асыруға қажетті мүмкіндіктерді елімізден тапқанын қалайды.

Сондай-ақ ол Higgsfield командасының отандық жасанды интеллект индустриясын дамытуға қосқан үлесін атап өтті. Компания халықаралық нарықта сұранысқа ие технологиялық өнім әзірлеген. Бүгінде оның платформасын әлем бойынша 40 миллионнан астам адам пайдаланады.

Сіздердің табыстарыңыз – жастарымыз үшін жарқын үлгі. Бұл Қазақстанда еңбек ете отырып, әлемдік деңгейдегі технологиялар жасауға, жетекші компаниялармен бәсекеге түсіп, халықаралық нарықтарды бағындыруға болатынын көрсетеді, – деді министр.

Жаслан Мәдиев Алекс Машрабовқа Қазақстанға сенім білдіріп, ел азаматтығын таңдағаны үшін алғыс айтты. Сонымен қатар таланттарды қолдау, жаңа өнімдер әзірлеу және Қазақстанның технологиялық әлеуетін нығайту бағытында бірлескен жұмыстар жалғасатынына сенім білдірді.

Айта кетейік, Higgsfield – 2023 жылы Алекс Машрабов пен қазақстандық әзірлеуші Ерзат Дулат негізін қалаған технологиялық компания. Стартап жасанды интеллект көмегімен фото және бейне контент жасауға арналған өнімдер әзірлейді. Компанияның бас кеңсесі АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында орналасқан. Ал инженерлік команданың едәуір бөлігі Қазақстанда жұмыс істейді.

2026 жылдың тамызында Higgsfield 400 миллион доллар инвестиция тартты. Осыдан кейін компанияның нарықтық бағасы 5,4 миллиард долларға жетті. Салыстыру үшін, биыл қаңтарда стартаптың бағасы 1,3 миллиард доллар болған.

Ал 2026 жылдың қыркүйегінде компания жылдық табыс қарқыны 1 миллиард доллардан асқанын мәлімдеді. Бұл көрсеткіш соңғы төрт аптадағы кіріс негізінде есептелген және қазіргі сату қарқыны сақталған жағдайда компанияның бір жылда түсіруі мүмкін табысын көрсетеді.

Компанияның 2026 жылғы қазан айындағы мәліметінше, Higgsfield платформасын әлем бойынша 40 миллионнан астам адам пайдаланады.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Zhaslan Madiyev (@zhaslanmadiyev)

Наверх