Қоғамдық сананы жаңғырту бір күндік іс-шара емес – министр

29 Қазан 2020, 18:30
1870
Бөлісу:
Қоғамдық сананы жаңғырту бір күндік іс-шара емес – министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева қоғамдық сананы жаңғырту бойынша Ұлттық комиссия отырысында бірқатар мәселелерге тоқталды.

Қоғамдық сананы жаңғырту бір күндік іс-шара емес. Қазіргі жағдай көрсетіп отыр, егер әлемнің үздік жетістіктерінен үмітіміз болса, біз ең алдымен санамыздағы пайдасыз қағидалар мен қажетсіз әдеттерден, тіл мен ділдің қадірсіздігінен, талғамсыз салт пен дарақы дәстүрлерден дер кезінде арылуымыз шарт. Ол үшін жоғарыда баяндалған жаңа жоспарды басшылыққа ала отырып, елдің тұтастай «рухани жағдайына» ауқымды зерттеу жасап, қандай өңірлерде қандай мәселелер барын анықтап, сол аймақтарда жүйелі түрде жұмыс жасау қажет. Бұл жұмыстың нәтижесі туралы өңір басшылығының әр жарты жыл сайын Үкімет деңгейінде есеп беруін енгізу керек, - деді ол.  

Министр облыстарда жаңадан құрылған «Рухани жаңғыру» мемлекеттік мекемелерін материалдық-техникалық тұрғыдан да, кәсіби маман тарту жағынан да тұрақты қолдау қажет екенін жеткізді.

Жоғарыда айтып өттім, жұмыстың тиімділігі, ең алдымен, оған жасалған жағдайға байланысты. Тәжірибе көрсеткендей, қай жерде әкім «Рухани жаңғыруды» дұрыс түсініп, жұмысты жеке бақылауына алса, сол өңірлерде бағдарламаның нәтижелігі де жоғары болады. Мысалы, Алматы, Қостанай облыстарында жүйелі жұмыс көрініп тұрса, Маңғыстау, Батыс-Қазақстан сияқты өңірлерде бұлай айта алмайсың. Сондықтан да, облыстарда жаңадан құрылған «Рухани жаңғыру» мемлекеттік мекемелерін материалдық-техникалық тұрғыдан да, кәсіби маман тарту жағынан да тұрақты қолдау қажет. Тағы бір өзекті мәселе – елімізде болып жатқан соңғы оқиғалар әлеуметтік желілерді қолдану мәдениетін дамытудың өзекті екенін көрсетті. Қоғам үшін жағымды және танымдық ақпараттық кеңістік қалыптастыру қажет. Бұл орайда, ақпаратты жылдам жеткізудің маңызы зор.  Сондықтан, «Рухани жаңғыру» жобаларына жауапты барлық мемлекеттік органдарға бірінші кезекте интернет кеңістігінде, әлеуметтік желі парақшаларында жұмысты күшейту керек, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы