Алматы облысында қатыгездікпен жасалған кісі өліміне қатысы бар күдікті ұсталды

28 Қаңтар 2019, 21:53
3138
Бөлісу:
Алматы облысында қатыгездікпен жасалған кісі өліміне қатысы бар күдікті ұсталды

Астана, BAQ.KZ. Алматы облысының полицейлері аса қатыгездікпен 37 жастағы әйелдің өліміне қатысы бар деген күдікпен жергілікті тұрғынды ұстады. 

Тергеу барысында 45 жастағы күдіктінің зардап шегушімен азаматтық некеде тұрғаны анықталды, деп хабарлайды Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Облыстық полиция таратқан ақпаратқа сәйкес оқиға Қарасай ауданында орын алған. 26 қаңтар күні Жаңатұрмыс ауылындағы үйлердің бірінде пышақ жарақатын алған үй иесінің мәйіті табылғаны туралы хабар түскен. Жәбірленушінің бет-әлпетіне пышақ жарақаттары салынып, бұзылған.

«45 жастағы ер азамат аса ауыр қылмыс жасады деген күдікке ілініп отыр. Қазіргі уақытта ұсталған күдікті Қарасай ауданы полициясының уақытша ұстау оқшаулағышына қамаққа алынды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабына сәйкес адам өлтіру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиға орнынан қылмыс құралы болуы мүмкін асүй пышағы табылды. Тәркіленген пышақ айғақзат ретінде тергеу материалдарына тіркелді", - деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

Полиция қызметкерлерінің айтуынша, қылмыс ерлі-зайыптылардың алкогольдік ішімдікті бірігіп қабылдау нәтижесінде туған жанжал кезінде жасалған. Күдікті бұған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған.

Өзгелердің жаңалығы