Кіші Талдыкөл тазартылған тоғанға, ал маңайы саябаққа айналады

6 Қыркүйек 2021, 20:50
7459
Бөлісу:
Кіші Талдыкөл тазартылған тоғанға, ал маңайы саябаққа айналады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Кіші Талдыкөлдің сулы-батпақты жері зиянды заттардан тазартылып, суы сақталатын болады. Қазір суының ластану дәрежесі «өте лас» деп саналады. 

Органикалық қосылыстардың шіріп кетуі және қоқыстың жиналуы салдарынан сулы-батпақты нысан жағымсыз иістің, жәндіктердің (масалар, кенелер) және т. б. таралу ошағы болып табылады. Кіші Талдыкөл – ағынды су жиналған орын, үлкен Талдыкөл көлімен табиғи байланысы жоқ және жерүсті ағындары мен жерасты сулары арқылы өзара қосылмайды.

Кіші Талдыкөл тазартылған тоғанға, ал маңайы саябаққа айналады

Зерттеу нәтижесінде негізгі иондар (қаттылық, кальций, магний, хлорид), ауыр металдар (темір), улы заттар (фтор), биогендік заттар (аммиак азоты және нитриттер) нормадан бірнеше есе асатын концентрацияда болады. Сондай-ақ зерттеу нәтижесі бойынша шаруашылық-ауызсу, балық шаруашылығы және рекреациялық мақсатта пайдалануға болмайды.

Осылайша жақын маңдағы аудандардың тұрғындары үшін қауіпсіздік пен жайлы өмір сүру мақсатында Кіші Талдыкөл зиянды заттардан тазартылмақ. 20 гектарға жайылған Кіші Талдыкөл су айдыны (Сығанақ көшесінің солтүстігі, Е22 көшесінің оңтүстігі, Тұран даңғылының шығысы және Ш.Айтматов көшесінің батыс жағы) сақталатын болады. Сондай-ақ су деңгейін арттыру үшін түбін тереңдету жұмыстары жүргізіледі. Осылайша батпақты жер тазартылған тоғанға, ал маңайы саябаққа айналады.

Кіші Талдыкөл тазартылған тоғанға, ал маңайы саябаққа айналады

Сулы-батпақты нысанның іргелес бөлігі игерілетін болады. Онда әлеуметтік нысандар орналасады: тұрғын үйлер, 2,5 мыңға жуық оқушыға арналған оқу орны, балабақша, медициналық орталық және т.б. Қала Үкімет қаулысы бойынша бекітілген елорданың бас жоспарын іске асыру аясында салынып келеді. Бұл қаланың ықшам құрылысы. Мысалы, бір кездері Тұран даңғылы, «Хан Шатыр» СОО, «Зеленый квартал» ТК аумақтары да батпақты болған, - деп хабарлайды елорданың сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы.

Талдыкөлдің (үлкен Талдыкөл) өз экологиялық инфрақұрылымы болатынын атап өткен жөн. Оның жанында қорық және орман-саябақ аумағы бар еліміздегі алғашқы табиғи парк ашылады. Ал екінші экопарк – Майбалық көлінің жаны да (әуежай бағытының оңтүстік-шығыс жағы) тартымды орын болмақ.

Өзгелердің жаңалығы