Қазақстан мен Кипр арасында сотталған азаматтарды елдеріне қайтару туралы келісім заңды күшіне енді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәжіліс бүгін жалпы отырыста аталған құжатты ратификациялады. Бұл дегеніміз, енді Кипрде сотталған қазақстандықтар жазасының қалған бөлігін Қазақстанда өтей алады.
Келісім не үшін қажет?
Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиевтің айтуынша, кейінгі жылдары Қазақстан мен Кипр арасындағы қарым-қатынас айтарлықтай нығая түсті. Осы орайда, қос ел арасында сотталған адамдарды беру тәртібін заңдастыру маңызды қадам болып отыр.
Егер отандасымыз Кипр аумағында қандай да бір құқық бұзып, сотталса, осы келісім арқылы оны Қазақстанға қайтаруға мүмкіндік бар. Бұл – сотталған азаматқа елінде жазасын өтеуге құқық беру ғана емес, сонымен қатар гуманитарлық әрі заңдық тұрғыда маңызды құжат, - деді Қойгелдиев.
Қазақстанға қайтарылу үшін қандай шарттар орындалуы тиіс?
Сотталған адамды беру үшін үш негізгі талап сақталуы керек:
• сотталған адам Қазақстан немесе Кипр азаматы болуы тиіс;
• ол жазасын өз елінде өтеуге ерікті түрде келісім беруі керек;
• оның жасаған қылмысы екі мемлекетте де заң бұзушылық деп танылуы қажет.
Қайтарудан бас тартуға қандай негіздер бар?
Келісімге сай, сотталған азаматты Қазақстанға беруден бас тарту бірнеше жағдайда мүмкін:
• егер Кипр билігі бұл қадамды ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді деп есептесе;
• сотталған адам үкім бойынша өтелуі тиіс материалдық залалды өтемесе;
• Кипрде оған қатысты қосымша қылмыстық қудалау жүріп жатса.
Енді не болады?
Келісім 2024 жылдың 25 наурызында Астанада бекітілген. Енді құжат заңды күшіне енген соң, Кипрде сотталған қазақстандықтарды елге қайтару механизмдері іске қосылады. Бұл тек екі ел арасындағы құқықтық серіктестікті нығайтып қана қоймай, Қазақстан азаматтарының өз отанында жазасын өтеуіне мүмкіндік береді.