Қазақстанның соңғы жаңалықтары

"Кіп-кішкентай өмір": Ақтөбеде жүргізушілер жолға шыққан бүлдіршінді құтқарып қалды

20 Маусым 2025, 15:49
3761
Бөлісу:
 pixabay.com
VIDEO
Фото: pixabay.com

Ақтөбеде кішкентай қыз жалғыз өзі көлік көп жүретін жолға шығып кеткен. Жүргізушілер баланы құтқарып қалды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Әлеуметтік желіде Некрасов көшесіне орнатылған бейнебақылау камерасынан түсірілген видео тарады. Онда өтіп бара жатқан адамдар мен жүргізушілер жолға шыққан баланы көріп шошып кеткен. Шамамен үш жастағы кішкентай қыз жалғыз өзі ағыл-тегіл көлік жүріп жатқан жолға барған.

Бейнежазбада баланың жол жиегіне жақындап, еш алаңсыз көліктер жүйткіп жатқан жолдың үстіне шығып кеткені көрінеді. Жүргізушілер шұғыл тоқтаған. Олардың бірі лезде әрекет етіп, көлігінен шығып, балаға қарай жүгірген. Оған басқа да немқұрайлы қарамаған куәгерлер қосылып, қызды жолдан көтеріп алып, қауіпсіз жерге апарған. Кадрлардан қыздың екі рет жолға шығып кеткені байқалады.

Абырой болғанда, ол зардап шеккен жоқ. Полиция баланың жеке басын анықтап, ата-анасын іздестіріп жатқанын хабарлады.

"Аталған оқиға тіркеліп, полицияның бақылауында. Оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ, дегенмен жағдай қайғылы аяқталуы мүмкін еді. Баланың қауіпсіздігін дер кезінде қамтамасыз еткен, бейжай қарамаған жүргізушілерге алғысымызды білдіреміз. Ата-аналар мен заңды өкілдерге балалардың өмірі мен денсаулығы үшін тікелей жауапты екендерін еске саламыз. Кішкентай балалар үнемі ересектердің қарауында болуы тиіс, әсіресе жолға жақын жерлерде", – деді Ақтөбе облыстық полиция департаментіндегілер.

Қазіргі уақытта баланың ата-анасы немесе қамқоршылары анықталған жоқ. Олар табылған соң, олардың әрекеттеріне құқықтық баға беріледі. Полиция балалардың қауіпсіздігіне немқұрайлы қарағаны үшін жауапкершілік қарастырылатынын еске салды.

Еске салайық, бұған дейін Сәтбаевта көлік қағып кеткен 13 жастағы қыз көз жұмды

Өзгелердің жаңалығы