Тоғжанов: Үкімет алдындағы негізгі міндет – балалардың қауіпсіздігі

10 Қыркүйек 2020, 12:01
1748
Бөлісу:
Тоғжанов: Үкімет алдындағы негізгі міндет – балалардың қауіпсіздігі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг барысында осылай деді.

Әлемдегі COVID-19 жағдайына келер болсақ, қауіп әлі сейілген жоқ. Италия, Франция, Германия, Австрия, Испания, Ұлыбритания, Түркияда соңғы айда аурудың өсімі байқалады. Сонымен қатар, өзімізбен көршілес жатқан ТМД құрамына кіретін елдер арасында да мәселе жоқ емес.  Көрші Ресейде де бүгінгі өсім деңгейі – 0,5%, Өзбекстанда – 0,9%, Тәжікстанда – 0,4%-ды құрады. Біз бұл елдермен тығыз қарым-қатынастағы елміз. Сондықтан, мектептердің жұмысын, оқу процесін қашықтан оқыту бағытына ауыстыру туралы шешім алдымен, балалардың және ұстаздардың денсаулығын барынша сақтау мақсатынан туындап отыр, - деді ол.
Ералы Тоғжановтың мәліметі бойынша, елімізде жыл басынан бері 2400-ден астам бала коронавирус инфекциясын жұқтырған. Қазіргі сәтте 34 бала тиісті ем-дом шараларын қабылдауда. 
Бұл бағытта Үкіметтің алдындағы негізгі міндет – балалардың, жалпы қазақстандықтардың барынша қауіпсіздігі. Егер бала вирустың жеңіл түрімен ауыра қалса, ересектер қауіп аймағында болып есептеледі, осылайша, вирустың таралу аумағы кеңейеді. Осыған байланысты, оқу жылының алғашқы тоқсанын қашықтан оқыту форматына көшіру туралы шешім шығарылды. Бұл тәжірибе бүгінде әлемнің 100-ден астам елінде қолданылуда. Қазақстанда 3 млн 400 мың оқушы бар. Оның 77%-ы биылғы оқу жылын қашықтан оқу форматымен бастады. Эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, бірінші кезеңде біз «кезекші сыныптар» мен шағын кешенді мектептерді аштық. Оларда жалпы саны 800 мың оқушы білім алуда. Бүгінде ҚР Білім және ғылым министрлігі мектептердегі оқу үдерісін штаттық режимге келтірудің екінші кезеңі бойынша ұсыныстар жасады, - деді ол.
Айта кетейік, бүгінгі брифинг «Эпидемиологиялық жағдайға сәйкес, 2020-2021 жылдарға арналған оқу процесін ұйымдастыру» тақырыбына арналды.
Өзгелердің жаңалығы