Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының туы алғаш рет Африканың ең биік нүктесі – теңіз деңгейінен 5895 метр биіктіктегі Килиманджаро шыңында желбіреді.
Бұл сапарды Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының кеңесшісі Қайрат Айбосынов жүзеге асырды. Шыңға шығу «Қуатты кәсіподақтар – еңбек адамының қуатты үні» жалпыкәсіподақтық науқаны аясында ұйымдастырылып, миллиондаған қазақстандық еңбек адамына құрмет көрсетуге арналды.
Фото: Кәсіподақтар федерациясы
Экспедиция құрамында 21 қазақстандық болды, олардың басым бөлігі – кәсіподақ мүшелері. Килиманджароға көтерілу бес күнге созылып, төмен түсуге тағы екі күн жұмсалды. Қатысушылардың айтуынша, бұл бағыт физикалық төзімділікпен қатар өзара қолдау мен қайсарлықты талап еткен.
Қайрат Айбосыновтың айтуынша, Килиманджаро шыңында желбіреген ту – еңбек адамына деген құрметтің, қызметкерлердің құқықтарын қорғаудың және әлеуметтік әділдік қағидаттарының символы.
Жеті күндік жол бойы Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының туын Килиманджаро шыңына көтере отырып, өз еңбегімен еліміздің бүгіні мен болашағын қалыптастырып жүрген миллиондаған отандасымыз туралы ойладым. Бұл ту – әрбір еңбек адамына көрсетілген терең құрметтің белгісі. Біз олардың қоғамдағы мәртебесі мен беделі дәл бүгін туымыз көтерілгендей биік болғанын қалаймыз, – деді Қайрат Айбосынов.
Фото: Кәсіподақтар федерациясы
Оның сөзінше, бұл сапар үлкен жетістікке кез келген адамның алғашқы қадамнан бастайтынын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Кез келген шың алғашқы қадамнан басталады. Кәсіподақтар федерациясының туын Килиманджароға көтеру арқылы еңбек адамы құрметке, әділ жалақыға, қауіпсіз еңбек жағдайына және қоғамның лайықты бағасына ие болуы тиіс екенін көрсеткіміз келді. Сонымен қатар біз осы бағыт бойынша жинақтаған тәжірибемізді бөлісіп, болашақта Килиманджароны бағындырғысы келетін отандастарымызға ұсынамыз, – деді ол.
Фото: Кәсіподақтар федерациясы
Экспедиция қатысушыларының айтуынша, Килиманджароға көтерілу үлкен физикалық дайындық пен төзімділікті талап етеді. Мұндай қасиеттерді кеншілер, металлургтер, дәрігерлер, мұғалімдер, құрылысшылар, энергетиктер, ауыл шаруашылығы қызметкерлері және еліміздің дамуына үлес қосып жүрген өзге де еңбек адамдары күн сайын өз жұмыстарында көрсетіп келеді.
Фото: Кәсіподақтар федерациясы
Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының мәліметінше, жоба мұнымен аяқталмайды. Келесі жылы еңбек адамын қолдау мен белсенді өмір салтын насихаттау мақсатында Қазақстаннан және әлемнің басқа елдерінен кәсіподақ мүшелерінің қатысуымен Эвересттің базалық лагеріне халықаралық экспедиция ұйымдастыру жоспарланып отыр.