Киік өлекселері көбейсе, эпидемия қаупі бар – депутат

19 Ақпан 2025, 11:27
307
Бөлісу:
Киік өлекселері көбейсе, эпидемия қаупі бар – депутат
Фото: Каспий құбыр желісі консорциумы

Батыс Қазақстандағы ақбөкендердің саны күрт өсіп, ауыл шаруашылығына ауыр соққы болып жатыр. Депутат Нартай Сәрсенғалиев мәселені көтеріп, Үкіметті нақты шешім қабылдауға шақырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Батыс Қазақстан облысында ақбөкендердің шамадан тыс көбеюі ауыл шаруашылығы саласын тығырыққа тіреді. 2024 жылы өңірде киік саны 2,3 миллионға жеткен, алдағы екі жылда 5 миллионнан асады деген болжам бар. Мамандардың айтуынша, облыс экожүйесі ең көбі 500 мың бас киікті ғана көтере алады. Бірақ қазіргі ахуал ауыл жұртын әбден титықтатып отыр.

Депутаттың айтуынша, 2023 жылы БҚО-дағы 921,7 мың гектар жерді киік таптап, егістік алқаптар мен жайылымдарды жарамсыз күйге түсірген. Нәтижесінде төрт аудан (Бөкей Ордасы, Жаңақала, Жәнібек, Казталов) төтенше жағдай жариялауға мәжбүр болды. Шаруалар мал азығын сатып алуға жергілікті бюджеттен 4,2 млрд теңге алғанымен, бұл уақытша шешім ғана. Егер Үкімет әрекет етпесе, биыл бұл сома екі есеге өсуі мүмкін.

Халық қазір қатты ашынып отыр. Киік жайылымдарды тып-типыл қылып жатыр. Мал ұстау мүмкін болмай барады, жұрт малын сатып, ауылдан кетуге мәжбүр. Ақбөкен – қазақ даласының символы, бірақ бұл мәселе шұғыл шешім қабылдауды талап етеді, - деді Нартай Сәрсенғалиев мәжіліс отырысында.

Киік өлекселері көбейді, эпидемия қаупі күшейді

Ақбөкендердің тығыздығы артып, 2024 жылдың алғашқы айларында 5598 өлексе табылған. Мамандар бұл жағдай 2010-2011 жылдардағы пастереллез індетінің қайталануына әкелуі мүмкін екенін ескертуде. Сонымен қатар, киіктер үй жануарларымен бірге жайылып, листериоз, аусыл, бруцеллез сияқты аурулардың таралу қаупін арттырып отыр.

Қазір елді мекендердегі мал молалары толып қалған. Жергілікті халық киіктер мен өлген малдарын өртеуге мәжбүр. Бұл үлкен экологиялық және санитарлық апатқа әкелуі мүмкін, - дейді депутат.

Сәрсенғалиевтің ұсыныстары қандай?

1. Киік санын реттеудің жаңа механизмін әзірлеп, биыл іске қосу. Қажет болса, киіктерді қоршауға алу керек.
2. Ғылыми зерттеулерді дереу бастау. 2026 жылды күтпей, 2025 жылы киік популяциясын зерттеу қажет.
3. Киік өнімдерін халықаралық нарыққа шығару. CITES конвенциясындағы киік дереваттарына тыйымды алып тастау мәселесін қарастыру.
4. Ауыл шаруашылығына келген шығынды өтеу. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі киіктер таптаған жерлердің шығынын есептеу механизмін әзірлеуі тиіс.
5. Жем-шөп тасымалын ұйымдастыру. Егер Үкімет киік санын реттемесе, ауыл шаруашылығына тікелей көмек көрсету керек.
6. Өлекселерді қауіпсіз жою жүйесін енгізу. Өлген киіктерді өртеудің орнына арнайы инсинераторлар орнату қажет.

Үкімет үнсіз, халық ашулы

Депутаттың айтуынша, Мәжілісте бұл мәселе бірнеше рет көтерілгенімен, Үкімет нақты шешім қабылдауға асығар емес. 2023 жылы киік санын реттеу басталғанымен, жарты жылдан соң тоқтатылды. Ал Мемлекет басшысы киік популяциясын шектеуге тыйым салған болатын.

Ағайын ақбөкенмен бетпе-бет қалып отыр. Үкімет бұл мәселені жылы жауып қоя алмайды. Қазір нақты шешім қабылдамасақ, ертең бұл дағдарыстың салдары өте ауыр болуы мүмкін, - деп түйіндеді Сәрсенғалиев.

Өзгелердің жаңалығы