Хаус-шебер деген кім?

8 Қазан 2020, 16:47
3216
Бөлісу:
Хаус-шебер деген кім?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Шығыс Еуропадағы тұрғын үй шаруашылығы» (Берлин қаласы) және «Шаңырақ» қауымдастығы (Қазақстан) бірлесіп ұйымдастырған вебинарда Қазақстан, Өзбекстан, Германиядан келген сарапшы-мамандар хаус-шеберлерді кәсіби даярлау мәселелерін талқылады. 

Мамандар көппәтерлі үйді тиісті деңгейде ұстап тұру үшін қазіргі заманғы салалық тенденцияларды білетін және бес қаруы сай мамандар қажет екенін айтады. Германияда мұндай мәселенің шешімі ХХ ғасырда Хаус-шебер институтын енгізу арқылы шешілді. Ол сөзбе-сөз «үй шебері» болып аударылады. Германияда хаус-шеберлердің біліктілік талаптары бойынша каталог жасалып, жекелеген тармақтар бойынша заңнамалық деңгейде реттелді.

Вебинарда көппәтерлі үйлерді басқарудың заманауи форматындағы хаус-шеберіне қойылатын талаптар артып келе жатқаны сөз болды. Егер бұрын кез келген техникалық қамтамасыз ету жүйелерін жөндейтін, профилактика жасайтын әмбебап адам қажет болса, бүгінде «ақылды технологиялардың» енгізілуі аясында күрделі инженерлік-техникалық жылыту жүйелерін, сумен жабдықтауды, электр қуатын, желдету жүйесін дамыту және енгізу сияқты тірліктердің бәрінен үй шеберінің хабары болуы керек.

Германияның Бохум қаласындағы тұрғын үй шаруашылығы және жылжымайтын мүлік экономикасы Еуропалық білім беру орталығы академиясының оқытушысы Кристиан Томас хаус-шебердің қызметі туралы айтып берді.

Ең алдымен, үй шеберінің техникалық білімі болуы керек және жылу жүйесі, электроника, сантехника, сондай-ақ үйді жалпы пайдалану, көгалдандыру мен аумақты тазарту және күту мәселелерін жете түсінуі керек. Әрине, бұл адам кез келген мәселеде жан-жақты болғаны жөн. Яғни, практикалық дағдылар мен ептілікке ие болуы керек, кішігірім жөндеу жұмыстарын жүргізе алатындай жауапты болуы шарт, - дейді ол.

Вебинардың мақсаты – қатысушыларды хаус-мастердің қызметімен, оның міндеттерінің шеңберімен, құзыреттіліктерімен және Германия мен Беларусь елдеріндегі кәсіби дайындығымен таныстыру. Сондай-ақ, promhouse жобасының серіктес елдері - Қазақстан мен Өзбекстанда хаус-шеберлер институтын енгізу мәселесі бойынша пікірталас ұйымдастыру мәселелерін талқылау болды.

Өзгелердің жаңалығы