Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент отандық өндірушілерді қолдау – мемлекеттің дағдарысқа қарсы шараларының негізгі элементі деген болатын. Осыған байланысты Экономикалық зерттеулер институтының Өңірлік зерттеулер орталығының жетекші сарапшысы Азамат Сәменов пікір білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында коронавирустық пандемиядан туындаған жағдайға қатысты мәселелерді көтерді. Министрлер мен әкімдердің жұмысына баға берді. Мемлекет басшысы шағын және орта бизнесті дамыту мәселелеріне де тоқталып өтті. Әрине, қазір бұл салада құлдырау бар. Өйткені карантиндік шектеулер ШОБ жұмысына әсер етіп жатыр. Президент көрсеткіштері төмендеп кеткен аймақтарды атады. Бізде шағын және орта бизнес негізінен Алматы мен Нұр-Сұлтанда шоғырланған. Бұл екі қаланың тауарлар мен қызметтер көлемі бойынша үлесі - 42 пайызды құрайды. Оның үстіне, коронавирус инфекциясы ең көп осы екі қалада тараған, - дейді Азамат Сәменов.
Оның айтуынша, екі қалада бұл тенденция жалғаса беретін болса, өзге өңірлердің өніміне және елдің ЖІӨ-не де әсер етуі мүмкін.
Шағын және орта бизнесте өзге өңірлердің үлесі аз. Тіпті, үшінші мегаполис Шымкенттің өзінде аса көп емес. Алматы мен Нұр-Сұлтаннан кейін Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды және Алматы облыстары ШОБ кәсіпорындарының өндіріс көлемі бойынша көш бастап тұр. Шағын және орта бизнес карантиндік шектеулер қолданылатын кезең үшін мемлекеттік қолдауды қажет етеді. Үкімет отырысы барысында Президент ШОБ қолдау үшін бұрын-соңды болмаған шаралар қабылданғанын атап өтті. Екінші жағынан, кәсіпкерлер сонымен бірге, халықтың өте қиын жағдайда тұрғанын, көпшілігі жұмысынан және табыстарынан айырылғанын, ал кейбірінің табысының көлемі азайғанын ескеруі керек. Мұндай кезде ең қажет заттарға - тамақ пен дәрі-дәрмекке бағаның негізсіз өсуіне жол беруге болмайды. Өкінішке қарай, осындай мәселелер қазір болып жатқанын байқап отырмыз, - дейді сарапшы.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық өсімді қалпына келтіру комиссиясында қаралуы тиіс деген болатын.
Індет елді азық-түлікпен қамтамасыз етудің әлсіз тұстарын көрсетіп берді. Пандемия кезінде халықтың табысы азайды, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары қымбаттай түсті. Азық-түлік тауарлары бағасының қымбаттау индексі елдегі инфляция индексінен 1,6 есеге асты, - дейді Президент.