Халықаралық тәжірибесі бар кәсіби басқарушы компанияларды тарту керек – Мамин

21 Мамыр 2019, 10:24
4182
Бөлісу:
Халықаралық тәжірибесі бар кәсіби басқарушы компанияларды тарту керек – Мамин

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Асқар Мамин арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды дамыту бойынша қандай жұмыс істелгенін және проблемаларды атап өтті. Сондай-ақ, ол осы бағыт бойынша бірқатар тапсырма берді. 

«Дайын инфрақұрылым бар арнайы экономикалық аймақ жеке инвестицияларды тартуға арналған алаң болып табылады. Қазіргі таңда 12 арнайы экономикалық аймақта 183 жоба, ал 24 индустриялық аймақта 168 жоба жүзеге асырылған. Бір триллион теңгеге жуық жеке инвестиция тартылды. Оның ішінде 27%-ы шетелдік компаниялардың капиталы. 2021 жылға дейін осы аймақтарда 2,5 триллион теңгеден астам соманы құрайтын 318 жоба іске қосылып, 11,5 мың адам жұмыспен қамтылады деп көзделіп отыр. Шымкент пен Нұр-Сұлтан қалаларында және Павлодар мен Алматы облыстарында арнайы экономикалық аймақтарды басқару бойынша тиімді жұмыстар ұйымдастырылғанын атап өткім келеді. Мысалы, Оңтүстік экономикалық аймақта әрбір бюджеттік теңгеге 15,5 теңге, ал Павлодарда 12,3 теңге инвестиция тартылды. Бұл өте жоғары көрсеткіш», - деді Асқар Мамин.

Үкімет басшысы қай өңірлерде арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды басқару бойынша тиімді жұмыс атқарылып жатқанына және қай жерлерде бұл жұмыс кешеуілдеп жатқанына да тоқталып өтті. 

«Индустриялық аймақтар бойынша Шымкент қаласында жалпы сомасы 38 млрд теңгені құрайтын 55 жоба іске қосылды. Қызылорда облысында жалпы сомасы 65 млрд теңгені құрайтын 16 жоба іске асырылды. Сонымен қатар, Қарағанды облысының Сарыарқа арнайы экономикалық аймағы, Жамбыл облысының Тараз химия паркі секілді бірқатар аймақтардың даму үлесі толығымен жүзеге асырылмаған. Инвестицияның және жобалардың саны төмен. Сондықтан осы бағыт бойынша белсенді жұмыс істеу керек. Жаңа жобаларды және инвестицияларды тарту, жұмыс орындарын құру бойынша жүйелі түрде жұмысты ұйымдастыруымыз қажет», - дейді Премьер-министр. 

Ол арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды дамыту бойынша Үкіметке және жергілікті атқарушы билік өкілдеріне мынандай тапсырмалар берді.

«Біріншіден, өңірлерге арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарға халықаралық тәжірибесі бар кәсіби басқарушы компанияларды тарту керек. Мысал ретінде «Қорғас» шығыс қақпасы мен «Ақтау» портын басқаруға Дубайдан компания тартылуда. Екіншіден, тиісті мемлекеттік органдарға осы аймақтарды басқару мен жұмыстың тиімділігін арттыру үшін нақты жұмыстарды қолға алуды тапсырамын. Қаржыландыру кезінде тиімді экономикалық аймақтарға қолдау көрсету керек. Үшіншіден, өңір әкімдіктеріне жобаларды іске қосқан кезде жоғары технологиялық өндірістер мен экспорттық әлеуеті жоғары өнім шығаруға назар аударуды тапсырамын», - дейді Асқар Мамин. 

Үкімет басшысы арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың тиімді жұмысын «бір терезе» қағидасы бойынша ұйымдастыруды тапсырды.

«Қосымша бір мәселе – жауапты мемлекеттік органдар арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар бойынша үш жылдық даму стратегиясын әзірлеуді тапсырамын. Осы жылдың қыркүйек айында аймақтардың даму жоспарларын талқылаймыз. Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар өңірлердің экономикалық өсімін қамтамасыз етуі керек. Бұл үшін нақты жұмыстар мен сапалы жобалар қажет», - деді ҚР Премьер-министрі.

Өзгелердің жаңалығы