Халықты тыңдамайтын шенеуніктер жұмысынан кетеді

24 Тамыз 2020, 23:45
2305
Бөлісу:
Халықты тыңдамайтын шенеуніктер жұмысынан кетеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Ертіс Адалдық алаңы» жобалық кеңсесіне павлодарлықтар сыбайлас жемқорлық, оның ішінде жер қатынастары, тұрмыстық және өзге де маңызды сұрақтар бойынша жүгінеді, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша комиссияның отырысынан кейін бірден жобалық кеңсеге барды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы Айдар Тастеміровтің айтуынша, кеңседе 4 алаң жұмыс жасайды: «Бизнес пен инвестицияны қорғау», «Адал бөлім», «Сапалы жол» және ақпараттық-ағарту штабы.
Біз ашықпыз. Адамдар келіп, кеңес алады. Бұл орталық «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясы жағынан өте маңызды, - деді Айдар Тастеміров.

Облыс әкімі мемлекеттік органдар жергілікті халықпен қаншалықты тиімді байланыс орнататынын анықтап, барлық кедергілерді жою маңызды екенін атап өтті.
Ашық саясат ұстанбайтын және халықтың мәселесін тыңдағысы келмейтін белсенді емес жетекшілердің тізімін жасап, олармен қоштасатын боламыз. Әр сала бойынша қойылып жатқан сұрақтардың пайызын көру үшін кеңсенің ақпараттық-сараптамалық жүйесін бекіту қажет, - деді Әбілқайыр Сқақов.

Облыс әкімі 42500 теңгелі көмекті мемлекеттік органға бармай-ақ тағайындауға қатысты жағдайды еске салды.
Басында жүгінген тұрғындар саны көп болды. Кейін жұмыс реттелді. Барынша электрондық форматқа көшу керек. Қызмет көрсетушілер – мемлекеттік органдар мен қызмет алушылар – халықтың санасы өзгеруі тиіс, - деді өңір басшысы.
Павлодар облысында сыбайлас жемқорлық қылмыстары артуда. Биылғы жылдың жеті айы ішінде жемқорлыққа қарсы қызмет 88 қылмыстың алдын алды. Бұл 2019 жылғымен салыстырғанда 35%-ға артық.
Өзгелердің жаңалығы