Халықтың медицинаға жұмсайтын шығыны біркелкі емес, оны теңестіру қажет – сарапшы

24 Тамыз 2020, 12:37
1284
Бөлісу:
Халықтың медицинаға жұмсайтын шығыны біркелкі емес, оны теңестіру қажет – сарапшы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Facebook парақшасында өткен онлайн сұхбат барысында Экономика және денсаулық сақтауды қаржыландыру мәселелері жөніндегі талдаушы және консультант Марат Мамаев мәлімдеді.

Біз жақында «Денсаулық сақтау саласы бюджетінің ашықтығы мен есептілігі» деген жобаны қолға алдық. Осы жұмыс аясында кішігірім мониторинг жүргізіп, белгілі бір ұсыныс жасап шықтық. Мониторинг жасау барысында бюджетті қалыптастырудағы ашықтық, оның қалай орындалғаны, оған қандай да бір талдау жасалды ма, жалпы, мұндай сома қандай факторлар негізінде қалыптасты деген аспектілерге назар аудардық. Яғни, дәл осындай позициямен Денсаулық сақтау министрлігі, басқармасы, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры, «СҚ-Фармация» компанияларының сайтын қарап шықтық. Бүгінде денсаулық сақтау саласының бюджеті 1,5 триллион теңгенің айналасында. Бұл қаражаттың қайда, қалай, қандай мақсатта жұмсалатын, бүгінгі күнге дейін оның қаншасы жүзеге асырылғанын анықтау барысында, бір қызық жайтқа тап болдық. Мысалы, кейбір сайттарда «Азаматтық бюджет» деген бір ғана презентациядан тұрады. Оның ішінде «тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) аясында көрсетілетін медициналық көмек» деген бір ғана жол бар және тек бір ғана сома көрсетілген. Бұдан түйгеніміз, бюджетті қалыптастыру кезеңінде оның ашықтығы мен есептілігі көп жағдайда, біз ойлағандай бола бермейді. Осындай проблема бар, - деді ол.
Марат Мамаев сұхбат барысында бір жылда бір қазақстандыққа мемлекет тарапынан бөлінетін қаражат қанша болатынына тоқталды.
Әрине, бұл жерде жалпы бюджетті халық санына бөліп, осынша сома деп айтуға болады. Бірақ, мен мұны дұрыс деп есептемеймін. Себебі, елдің әр өңірі жағдай бойынша түрлі келеді. Мысал ретінде, Алматы облысында медициналық қызметке кететін орташа шығын шамамен, 45 000 теңге көлемінде (бір адамға). Ал, Нұр-Сұлтан қаласында бұл сома 159 000 теңге шамасында болады. Оның нақты себебін айта алмаймын. Бірақ, менің ойымша, бұл медициналық инфрақұрылымның елордада шоғырлануымен байланысты болуы мүмкін. Оның үстіне Нұр-Сұлтанда ұлттық орталықтар, ғылыми институттар, республикалық клиникалар бар. Мұндағы мәселе халықтың шығыны біркелкі емес, оны теңестіру қажет, - дейді Мамаев.


Өзгелердің жаңалығы