ҚХА «Арыс балаларына» атты акцияны бастады

28 Маусым 2019, 12:23
2406
Бөлісу:
ҚХА  «Арыс балаларына» атты акцияны бастады
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ  тілшісі. Аталған республикалық шараны Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі ұйымдастырып отыр.  Бүгін осы мәселе бойынша Алматы қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің және қалалық этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен белсенділерінің қатысуымен отырыс өтті.

Алматы қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрағасы, Мәжіліс депутаты Нұрия Ниязова аталған шара республика көлемінде іске асырылатынын айтады.

IMG_20190628_111437.jpg

«Бүгін біз «Арыс балаларына» атты акцияны бастап отырмыз. Сонымен қатар Арыстағы жағдайдың хронологиясымен танысып жатырмыз, яғни бұған дейін қандай көмек көрсеттік, енді тағы қандай жәрдем бере аламыз деген мәселе тұрғысында. Арыстықтарға алғашқы күннен бастап көмек көрсетілуде. Қоғамдық ұйымдармен, Алматы қаласындағы «Ынтымақ» депуттатық топтары, кәсіпкерлер және Алматыдағы Қазақстан халықтары ассамблеясы мүшелерімен де жәрдем берілуде. Арыстағы жағдайдан кейін Алматыдан бірден 10 тонналық гуманитарлық көмек аттанды. Біз Шымкент қаласындағы этномәдени бірлестіктермен тығыз байланыстамыз, сондықтан адамдарға бірінші кезекте қандай заттар қажет екенін біліп отырдық», - дейді кеңес төрағасы. 

Сонымен қатар ол, арыстықтарға ақшалай көмек көрсету үшін шот ашқандарын мәлімдеді.

«Біз арыстықтарға ақшалай көмек көрсету үшін шот аштық. Бүгін осында жиналған барлық этномәдени бірлестіктердің барлығына соны таратамыз. Бұл қаражаттың барлығы қираған үйлерді, жолдарды, жалпы Арыс қаласын қалпына келтіруге бағытталады. Мейірімді жандар шот ашып, ақша аудару мәселесімен шығып жатыр», - деді ол.

Сөз арасында ол бірінші кезекте балаларға жәрдем көрсететіндерін жеткізді.

«Аналар кеңесі ретінде біз бірінші кезекте ондағы балалар үшін алаңдаулымыз. Өйткені балаларды балабақшадан, жол жөнекей де алып кетіп отырды. Ата-ана баласын таппай абдырап қалды.  Мұндай мәселені көріп тұрып біз сырт қала алмаймыз. Бұған дейін Аналар кеңесі атынан гигиеналық заттар мен азық-түлік жіберілген. Қазір сол балаларға қандай көмек көрсете аламыз, қандай ұсыныстар білдіре аламыз деген мәселені тағыда талқылаймыз», - дейді Нұрия Ниязова.
Өзгелердің жаңалығы