Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Мәжіліс отырысында жеке сәйкестендіру номеріндегі (ЖСН) қателіктердің салдары жайлы айтылды.
Мәжілісмен Шакир Хахазов осы мәселені көтеріп, Әділет министрлігіне депутаттық сауал жолдады.«Депутаттық сауал қате берілген ЖСН проблемасымен байланысты. Еске салсақ, ЖСН 2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап СТТН (РНН) мен ӘЖК-ні (СИК) алмастырған болатын. Заңға сәйкес, ЖСН дегеніміз – жеке тұлғаға бір рет және өмір бойына берілетін цифрлық код. Дегенмен, ЖСН-ді беру кезінде қателіктер болса да, заң мен заңға қосымша актілерде ЖСН-ді түзету туралы ешқандай норма жоқ. Бұндай ереженің жоқтығы ХҚКО қызметкерлерінің азаматтарға ресми түрде бас тартуына негіз болып отыр. ЖСН беру кезіндегі қателік салдарынан азаматтар жылдар бойы өздерінің жасын, тіпті жынысын дәлелдеумен келеді. Көбінде зейнетақы, мүгедектік бойынша жәрдемақы мен алимент алуға заңдық мүмкіндік жоқ. Адамдар айыппұлдары үшін шетелге шыға алмай отыр, бұл айыппұлын да төлей алмай отыр. Несие рәсімдеу немесе пәтер сату да шешілмеген проблемаға айналып келеді. Бұның бәрі кейбіреулерді азаматтығын ауыстырып, көрші елдерге тұрақты тұруға көшуге итермелейді. Нақты мысалдар келтірсек, жеке кәсіпкер Еркін Бектенбаев өз бизнесін жабуға мәжбүр болды. Бұған оның ЖСН-індегі қателік себеп болған. Яғни, 3 санының орнына 2 саны белгіленген, былайша айтқанда, ЖСН оның туған күніне сәйкес келмей қалған. Осыған байланысты Сатып алулар порталы оны сауда-саттық қатысушысы ретінде тіркемеген. Кәсіпкер Әділет органдарына ЖСН-ін өзгерту туралы бірнеше мәрте өтініш жасаған. Мәселе заңдық күші жоқ құжаттарды берумен ғана шектелген», - деді Шакир Хахазов.
Мәжіліс депутатының мәліметінше, қарағандылық Наталья Шибучик 2018 жылы жоғалған жеке куәлігін ауыстырғаннан кейін өзінің 143 жаста емес, 43 жаста екенін дәлелдеумен келеді. Бұлай жүгіргеніне бір жыл болған.
«Ал 1972 жылы туған Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Вадим Шафаростов 5 жыл бойы өзінің зейнеткер емес екенін дәлелдеуге мәжбүр. Вадимнің ЖСН-і оны 1952 жылы туған деп көрсетіп отыр екен. Алматы қаласының тұрғыны Нодира Рыскиева ЖСН-індегі әкесінің атының цифрлық кодын өзгерту үшін ХҚКО-ға барған. Нәтижесінде, ХҚКО оған екінші ЖСН берген. Тұрғынның өтініштері ешқандай нәтиже бермеді. ХҚКО қызметкері жұмысынан босатылды, бірақ ЖСН түзетілген жоқ. Ал Орал тұрғыны Игорь Бакалкин 2018 жылдың күзінде ЖСН-ін қалпына келтіру туралы өтініш жасаған. Бірақ, қандай да бір түсініксіз себеппен тұрғын 2010 жылы қайтыс болғандар тізіміне енгізіліп кеткен. Ол ресми түрде өлі саналып жүріп, осы уақыт бойы салықтарын, зейнетақы жарнасы мен коммуналдық төлемдерін уақытында төлеп отырған. Бірақ, бір күні банк оның картасын бұғаттап тастаған. Кейіннен бұның бәріне Біріктірілген салық-ақпарат жүйесіндегі қателік себеп екені анықталды. Дегенмен, Игорь Бакалкин бүгінгі күнге дейін өмір сүру құқығын дәлелдеумен келеді. Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Майра Мырзағали ХҚКО-дағы қателік салдарынан еркек болып кеткен. Egov жүйесі оның ЖСН-ін осылай көрсетеді. Бүгінгі күні көптеген мемлекеттік қызметтер тек электрондық форматта төленетінін ескеру керек. Болашақта олардың тізімі тек арта түседі. Мен осындай қателіктердің болуы, яғни қате ЖСН-і бар салық төлеушілердің мәліметтерін пайдалану көптеген сыбайлас заң бұзушылықтарға әкелететінін жоққа шығармаймын. Осыны ескере отырып, біріншіден, Әділет органдарына жеке тұлғаның өтініші бойынша ЖСН-ін түзету құқығын беруді және қызметтік тергеу жүргізу тәртібін белгілеуді сұраймыз. Екіншіден, қате мәліметтер енгізгені үшін Әділет органы қызметкерлеріне жауапкершілік шараларын күшейтуді сұраймыз. Үшіншіден, Қаржы министріне, Әділет органдарына қате деректердің тіркелуінінің алдын алу үшін қажетті шараларды әзірлеуді тапсыруды сұраймыз», - деді Шакир Хахазов.