KGIR-2022: Вице-министр азық-түлік қауіпсіздігі мен инвестициялар туралы айтты

20 Қазан 2022, 19:09
1553
Бөлісу:
KGIR-2022: Вице-министр азық-түлік қауіпсіздігі мен инвестициялар туралы айтты

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Жеңіс Өсербай KGIR-2022 алаңында Қазақстанның ішкі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қабылдап жатқан шаралары туралы айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оның айтуынша, бүгінде мемлекет өз өндірісін ұлғайтуға және халықтың азық-түлік тауарларына тұтынушылық шығындарының үлесін төмендетуге ұмтылып жатыр. 

Ағымдағы жылы агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға шамамен 900 млн доллар қарастырылған. Қаражат АӨК секторына жеңілдікпен кредит беру, сондай-ақ ғылыми зерттеулерді қаржыландыру, фитосанитариялық және ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған, - деп атап өтті вице-министр.

Айта кетейік, 2022 жылдың басынан бастап агроөнеркәсіптік кешеннің негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі ұқсас кезеңмен салыстырғанда 7,5% - ға ұлғайып, 598,9 млрд теңгені құрады, оның ішінде азық-түлік өндірісі 1,3 есе өсіп, 88,8 млрд теңгеге жетті. 

Инвесторларды мемлекеттік қолдау жүйесі көп деңгейлі болып табылады және әртүрлі салалық жеңілдіктерді, сондай-ақ инвестициялық келісімшартты қамтиды. Оның шеңберінде инвестициялық жобалар корпоративтік табыс пен жер салығы, сондай-ақ мүлік салығын төлеуден босатылады. Қазақстандағы инвесторлар ірі жобаларды іске асыру үшін Үкіметпен инвестициялар туралы тікелей келісім жасасу мүмкіндігіне ие болды, - деп толықтырды Ж. Өсербай.

Жалпы Қазақстан агроөнеркәсіптік кешенде қолайлы инвестициялық ахуалға ие. Ауыл шаруашылығы министрлігі өз тарапынан шетелдік әріптестермен бірлескен жобаларды қарауға және іске асыруға дайын екендігін мәлімдеді.

Өзгелердің жаңалығы