Кез келген жұмысты адал ниетпен және заң аясында істеу керек – Ноғаев

14 Қараша 2019, 07:25
2602
Бөлісу:
Кез келген жұмысты адал ниетпен және заң аясында істеу керек – Ноғаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев "Nur Otan" партиясының облыстық филиалында азаматтарды қабылдады, деп хабарлады облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Аймақ басшысымен кездесуде өңір тұрғындары негізінен тұрмыстық мәселелерді көтерді. Исатай ауданының тұрғыны Мәншүк Мұхамбетова әкімнен облыс орталығынан пәтер алуға көмектесуін сұрады. Отбасында 19 жастағы мүгедек ұлы бар. Ғалия Жалғасованың отбасы жер телімін алу кезегінде 16 жылдан бері тұр. Жолдасы қайтыс болғаннан кейін кезегі автоматты түрде жойылған. Заң бойынша жер телімін арыз берген адам ғана алуға құқылы. Осындай сауалды басқа тұрғындар да қойды, жалға берілетін тұрғын үйлерге қатысты да сұрақтар болды. Жауап біреу: тұрғын үй тек қана заң бойынша және кезекпен беріледі.

Біз кезексіз үй бере алмаймыз. Белгілі бір ережелер бар және ол баршаға ортақ. Сондықтан,  кезектеріңізді күтуге тура келеді. Өздеріңізге белгілі, қазір тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Талғайраң, Нұрсая, Береке ықшам аудандарында үйлер салынуда. Кезектеріңіз келгенде пәтерлеріңізді аласыздар, - деді Нұрлан Ноғаев.

Облыс әкіміне жұмысқа орналасуға көмек сұрап келгендер де болды. Бұрғылау инженері Заир Сейдағалиев өткен жылы жұмысынан шығып кеткен, содан бері мамандығы бойынша жұмыс таппай жүр. Оған еңбек нарығындағы басқа да ұсыныстарды қабылдау керектігі айтылды, мемлекеттік бағдарламалар бойынша қайта оқытудан өтіп, қосымша мамандық алуға да болады. 

Тұрғындармен кездесуді қорытындылаған аймақ басшысы азаматтарды қабылдау кезінде көтерілген мәселелердің назардан тыс қалмайтынын айтты. Әр мәселе бақылауға алынады.

Бүгінгі әрекеттеріңізге ертең ұялмау үшін кез келген жұмысты адал ниетпен және заң аясында істеу керек, - деді Нұрлан Ноғаев.

Өзгелердің жаңалығы