Кейуананы зорламақ болған күдіктімен селфи жасаған полицей қызметінен босатылды

22 Желтоқсан 2020, 17:03
2389
Бөлісу:
Кейуананы зорламақ болған күдіктімен селфи жасаған полицей қызметінен босатылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шымкентте 70 жастағы кейуананы подъезде зорламақ болды деген күдіктімен селфи жасаған полиция қызметкеріне қатысты тексеріс жұмыстары аяқталды.

Полиция департаменті қызметтік тексерудің нәтижелерін жариялады.

Ведомство аталған полицей қызметтік тәртіпті бұзды деп санайды. Сондықтан ол қызметінен босатылды.  

Департамент басшылығы учаскелік полиция инспекторының бұл әрекетін офицерге сәйкес емес деп тапты. Тәртіптік комиссияның шешімімен қызметтік тексеру нәтижесінде бұл полицейдің қызметтік тәртіпті бұзғаны, мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексінің талаптарын сақтамағаны анықталды, - деп хабарлады Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Еске салайық, 17 желтоқсан күні Шымкентте ер адам 70 жастағы кейуанаға шабуыл жасады. Ол оны ұрып, артынша зорламақ болды. 20 желтоқсан күні күдікті ұсталды. Қазір ол тергеу изоляторында, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Кейіннен әлеуметтік желіде учаскелік полицейдің күдіктімен селфи жасаған суреті тарап кеткен еді. Бұл суретті учаскелік инспектор қызметтік автокөлікте күдіктіні полиция бөліміне жеткізу кезінде түсірген.

Өзгелердің жаңалығы