Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі кейбір қазақстандықтарға неліктен декреттік төлемдердің кешігіп жатқанын түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министр Асқарбек Ертаев Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында декреттік төлемдерді рәсімдеу тәртібіне тоқталды.
Айтуынша, мәселе көбіне құжаттар топтамасына байланысты туындайды.
Негізінен құжаттарына қатысты сұрақ туындаған декреттегі әйелдер шағымданады. Жалпы декреттік төлемдер eGov арқылы рәсімделіп, бес күн ішінде қаралады. ХҚКО арқылы берілген өтініш сегіз күнде қаралады. Бірақ ережеге сәйкес, егер өтініш беруші тапсырған құжаттарға қатысты сұрақтар болса, мерзім 30 күнге дейін ұзартылады. Иә, бізде декреттік төлем бойынша мұндай жағдайлар өте көп. Әйел адам бірнеше жерден табыс алғанын анықтамалар арқылы көрсетсе, олардың барлығы бірден қайта тексеріледі, – деді ведомство басшысы.
Оның сөзінше, мұндай жағдайда қосымша табыс көздері туралы айтылып отыр және бұл мәліметтерді Мемлекеттік кірістер комитетімен салыстыру қажет.
Өтініш беруші қосымша тағы бір анықтама тапсырады, онда басқа табыс көздері көрсетіледі. Ол деректер қайта тексеріледі. Бастама өтініш берушінің өзінен түседі, ал біз оны тексеруге міндеттіміз. Сондықтан бұл мәселені қарау мерзімі 30 күнге ұзартылады, – дейді Асқарбек Ертаев.
Бұған дейін Қазақстанда заңсыз декреттік төлем алмақ болғандар сотталғаны хабарланды. Министрлік декреттік төлемге қатысты алаяқтық схемалармен күресті күшейтті.
Тағы оқи отырыңыз: Декреттік төлемдерге қатысты шу шықты: Заңсыз пайда тапқандар түрмеге қамалды