Қазақстанның 13 өңірінде декреттік төлемдерді заңсыз алу мақсатында ұйымдастырылған жалған жұмысқа орналастыру схемаларына қатысты 38 қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры (МӘСҚ) мәлімдеді.
Ведомствоның хабарлауынша, әлеуметтік-еңбек саласында енгізілген цифрлық бақылау тетіктері жалған еңбек өтілін «сатумен» айналысқан ауқымды көлеңкелі бизнесті анықтауға мүмкіндік берген.
Тергеу деректеріне сәйкес, алаяқтар жалған кәсіпорындар құрып, азаматтарды, әсіресе жүкті әйелдерді, белгілі бір ақыға сол ұйымдарға жұмысқа орналасқан ретінде рәсімдеген. Кейін олардың ресми табысын жасанды түрде көтеріп көрсетіп, бірнеше ай бойы жалған әлеуметтік аударымдар жасаған. Осыдан соң ең жоғары көлемдегі декреттік төлемдерді алу үшін құжаттар тапсырылған.
Заңсыз схемаға 258 кәсіпкерлік субъектісі – жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен жеке кәсіпкерлер қатысқан. Нәтижесінде ел бойынша 4,4 мыңнан астам азамат үшін жалған еңбек қатынастары рәсімделген, - деп хабарлады МӘСҚ.
Тексеру жұмыстарының қорытындысы бойынша құқық қорғау органдары Қазақстанның 13 өңірінде 38 қылмыстық іс қозғады.
Ауқымды тергеу аясындағы алғашқы істер бойынша сот үкімдері де шыға бастады. Қазіргі таңда 9 қылмыстық іс қаралып, олардың нәтижесінде заңсыз схемаларды ұйымдастырған 12 адам кінәлі деп танылды.
Сотталғандардың қатарында Ақтөбе, Маңғыстау, Қызылорда, Шығыс Қазақстан және өзге де облыстарда әрекет еткен ұйымдастырушылар бар. Олар аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырғаны үшін 3 жылдан 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Қордың цифрлық жүйелері әртүрлі ақпараттық базалардағы деректерді нақты уақыт режимінде салыстыруға мүмкіндік береді. Жүктілік және босану демалысына шығар алдындағы жалақының күмәнді өсуі жасанды интеллект алгоритмдері арқылы автоматты түрде анықталады, - деді МӘСҚ басқарма төрағасының орынбасары Марат Жаныбеков.
Қор өкілдері әлеуметтік төлемдерді тағайындау тәртібіне қатысты барлық кеңес беру қызметтері тегін көрсетілетінін еске салды. Азаматтар қажетті ақпаратты МӘСҚ филиалдарынан, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімшелерінен, 1414 байланыс орталығынан және қордың ресми әлеуметтік желідегі парақшаларынан ала алады.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Маңғыстауда жүкті әйел декреттік төлем үшін соттасты.