Қызылордада орталық алаңда болған жанжалдан кейін мектеп оқушысы қаза тапты. Марқұмның туыстары оқиғаның мән-жайын айтып, әділ тергеуді сұрап отыр. Оқиға туралы не белгілі?
Анасынакөмектесіпжүргеноқушы
Оқиға 21 қазан күні кешке болған. Нұрислам Раушанбек – Қызылордадағы Тұрар Рысқұлов атындағы №222 мектептің 10-сыныбында оқыған. Ол сабақтан бос уақытында анасына көмектескен. Отбасы орталық алаңда балаларға ойыншық көліктерді жалға беріп, табыс тауып жүрген. Анасының сөзінше, сол кеште де ұлы жұмысқа қолғабыс етуге келген.
Жанжал неден басталған?
Марқұмның әпкесі Threads желісіндегі жазбасында жасөспірімдер арасындағы келіспеушілікке 1 000 теңге себеп болуы мүмкін екені айтылады. Туысының айтуынша, жанжал кезінде балаға бұрағышпен жарақат салынған.
Ал анасының баяндауынша, бастапқы келіспеушілік ойыншық көліктерге клиент шақырып жүрген балалар арасында туындаған. Әйел жанжалды байқап, араша түскенін айтады. Бірақ кейін балалар арасында қайтадан қақтығыс болған.
Әпкесі бұған дейін де жанжал болғанын айтады
Марқұмның әпкесі бауыры қайтыс болардан бір апта бұрын да жанжалға тап болғанын жазып, бейнежазба жариялаған.
Оның айтуынша, клиентке таласудан туындаған келіспеушілік кезінде қарсы тараптағы жұмыс беруші әйел Нұрисламбекке қол көтерген. Әпкесі бауырының сол кезде күш қолданбай, сабыр сақтағанын жеткізді.
Жазба авторы видеоның соңында әйелдің қалтасынан бұрауышқа ұқсас зат түсіп қалғанын алға тартады.
Бір апта бұрын болған оқиға мен бауырымның қазасының арасындағы барлық мән-жай мұқият тексерілуі керек! - деп жазды марқұмның әпкесі.
Ол жұмысшыларды бір-біріне қарсы қою немесе күш қолдануға итермелеу жағдайлары болған-болмағанын анықтауды сұрайды. Сонымен бірге ешкімді дәлелсіз айыптағысы келмейтінін, басты тілегі бауырының өліміне қатысты шындықтың толық ашылуы екенін атап өткен.
Анасы сол кеш туралы не айтты?
Меруерт Танатованың айтуынша, шамамен сағат 22:30-да ұлын іздеп, ойыншық көліктер тұрған жаққа барған. Сол сәтте баласының теңселіп, кейін құлағанын көрген.
Анасы ұлының кеуде тұсына бұрағыш сұғылғанын айтқан. Оқиға орнына жедел жәрдем келген. Оның баяндауынша, баланы ауруханаға жеткізгенімен, дәрігерлер аман алып қала алмаған.
Полиция екі қылмыстық іс тіркеген
Қызылорда облыстық полиция департаментінің мәліметінше, кәмелетке толмағанның абайсызда өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Полиция кәмелетке толмаған күдіктінің облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылғанын хабарлаған. Сонымен қатар тергеу аясында кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау дерегі бойынша бөлек қылмыстық іс тіркелген.